Алматыдағы ұшақ апаты: Ауруханаларда 46 адам жатыр
Жарияланған күні:
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов 27 желтоқсанда бүкіл Қазақстанды дүр сілкіндірген Алматыдағы ұшақ апатынан зардап шеккендердің жағдайы қандай екенін айтып берді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Министрлік басшысының хабарлауынша, тегін медициналық көмек аясында зардап шеккендер тегін емделмек.
Біртановтың сөзінше, медициналық сақтандыру ұшақ апатынан зардап шеккендердің емінің ғана ақысын төлемейді. Оның ішіне әрі қарай сауықтыру да кіреді. Бұл апаттың шұғыл болғанына байланысты.
Оның деректерінше, өткен күндері үш зардап шегуші ауруханадан шыққан. Бүгінгі күні 46 науқас ауруханаларда ем алуын жалғастыруда. Олардың арасында тоғыз кәмелет жасына толмағандар бар.
Ақ халаттылардың сөзінше, төтенше жағдайдан зардап шеккен балалардың жағдайлары тұрақты. Бұған дейін олар жансақтау бөлімінде ем қабылдаған, алайда қазір балалар қарқынды терапия палаталарына ауыстырылған.
Біртановтың айтуынша, кәмелет жасына толмағандардың өміріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Дегенмен, олардың емі ерекше назарды қажет ететіндіктен бұл мәселені Денсаулық министрлігі бақылауына алған.
Ересек зардап шеккендер арасында ауыр жарақат алғандар да бар. 4 қалалық аурухананың жансақтау бөлімінде 7 науқас жатыр. Тағы екеуі Алматы облысы клиникалық аурхунасының жансақтау бөлімінде. Министрдің сөзінше, жапа шеккендердің бірінің жағдайы күмән туғызып отыр.
Біртановтың айтуынша, сүйегі сынған науқаста майлы эмболия дамып кеткен. Қазіргі уақытта жапа шегуші жасанды демалдыратын құрылғыға қосылған.
Одан бөлек, Біртановтың сөзінше, екінші ұшқыштың жағдайы әлі де ауыр деп бағаланып отыр. Ол да жансақтау бөлімінде жатыр.
Айта кетсек, бұған дейін Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев ұшақ апаты кезінде неліктен өрт шықпағанын айтып берген еді.
Сондай-ақ Тұрғымбаев Алматыдағы ұшақ апатына себеп болуы мүмкін үш нұсқаны атады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1834185-almatydagy-sak-apaty-auruhanalarda-46-adam-zatyr/