Атырауда төрт жасөспірім мұз астына түсіп кетіп, бірі көз жұмды
Жарияланған күні:
Атырауда төрт жасөспірім Жайық өзенінде мұз астына түсіп кетіп, бірі мерт болды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, қайғылы оқиға 4 қаңтар күні кешкісін болған.
Төрт жасөспірім қала шетіндегі Томарлы кенті маңайында өзеннің үстінде ойнап жүріп, мұз астына түсіп кеткен.
Олардың үшеуі аман қалса, суға батып кеткен баланың денесі іздестіріліп жатыр.
Ақжайық басылымның хабарлауынша, 12-15 жастағы үш бала "ағзаның тоңазуы" деген диагнозбен облыстық балалар ауруханасына жеткізілген.
Алдын ала анықталған мәлімет бойынша, әлі қатып үлгермеген мұз балалардың салмағымен ойылып кеткен.
Еске сала кетсек, бұндай оқиға өңірде 2018 жылы да болған еді.
Атырау облысының Құрманғазы ауданының аумағындағы Шора өзенінде мұз үстінде ойнаған 4 бала кенеттен мұз жарылып, су астына түсіп кеткен болатын.
Абырой болғанда құтқарушылар балаларды ажалдан аман алып қалған.
Сонымен қатар Қостанай облысында мұз үстінде ойнаған балалардың екеуі көз жұмғаны жайлы хабарланған болатын.
Үш бала әлі қата қоймаған мұз үстінде ойнап, тереңдігі екі метрді құрайтын су қоймасына түсіп кеткен.
Сондай-ақ, балаларды құтқармақ болған 65 жастағы азаматтың да зардап шеккен еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1834810-atyrauda-trt-zasspirim-mz-astyna-tsip-ketip-biri-kz-zmdy/