Иран апатқа ұшыраған украиналық ұшаққа зымыран тию нұсқасын жоққа шығаруда
Жарияланған күні:
Иран азаматтық авиация ұйымының басшысы Али Абедзаде Тегеран түбінде құлаған украиналық ұшаққа зымырандық шабуыл жасалмағанын алға тартуда деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ РИА Новостиге сілтеме жасап.
"Бұл ұшаққа зымыран тимегенін сенімділікпен айта аламыз. Лайнер ұшу кезінде бір жарым минуттан астам уақыт жанған, ұшқыштар қайтуға шешім қабылдаған. Олардың байланысқа шықпауының көптеген себептері болуы мүмкін. Бірінші кезекте, олар ұшақты құтқаруы тиіс болды", – деп мәлімдеді азаматтық авиация ұйымының басшысы Иран телеарнасының эфирінде.
Шенеунік бұған дейін де ұшаққа зымыран тию мүмкіндігін жоққа шығарып, бұл нұсқаны "ақылға қонымсыз" деп тапқан болатын.
Алайда, Украина президенті Владимир Зеленский аталған нұсқаны жоққа шығармайтынын мәлімдеген еді. Оның айтуынша, Киев оқиғаға байланысты төрт нұсқаны қарастырып отыр: зымыран тию мүмкіндігінен бөлек, қозғалтқыштың жарылуы, дронмен соқтығысу және бортта теракт болуы.
Ұшаққа зымыран тию мүмкіндігін сондай-ақ Канада премьер-министрі Джастин Трюдо және Британия үкіметінің басшысы Борис Джонсон да мәлімдеген болатын.
Бұдан бөлек, АҚШ пен Ирак барлау қызметінің өкілдері сәрсенбі күні Тегеранда апатқа ұшыраған украиналық лайнерді Иранның зениттік зымыран жүйелері қателесіп атып жіберуі мүмкін екенін жеткізген.
Сондай-ақ украиналық лайнерге зымыран тиюі мүмкін екенін болжайтын видео жарияланды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1835584-iran-apatka-syragan-ukrainalyk-sakka-zymyran-tiu-nskasyn-zokka-sygaruda/