"Туған қызын да зорлайтын": Сұмдықты бастан кешкен елордалық әйел жанайқайын айтты
Жарияланған күні:
20 жыл құлдықта болған елордалық Шолпан Көшербаева басынан өткен жантүршігерлік жайттармен бөлісті. Айтуынша, көзін қышқылмен күйдірген, апталап тамақ бермеген, арақты мәжбүрлетіп ішкізіп, зәбір көрсеткен. Ең сорақысы, мұның бәрін істеп жүрген бөтен адамдар емес, күйеуі мен оның туысқандары деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ "Еуразия" бірінші арнасына сілтеме жасап.
"Менің сол кезіме қышқылды сеуіп жіберді. Қолыма, кеудеме пышақ сұққан кездері де болған. Жалпы, ішіп алып істемегендері жоқ", – дейді Шолпан.
Күйеуінің тұрақты жұмысы болмаған. Үйге күніге бөтен біреулерді ертіп келіп, ішеді екен. Ал ішімдікке ақшаны ұрлықпен табатын көрінеді. Шолпанның айтуынша, күйеуі олармен бірге тұрған туған қарындасы мен оның 5 жасар қызын күніге зорлапты. Өзі ғана емес, сырттан келген достары да зорлық көрсеткен.
"Тамақты апталап бермеген кездері болған. Туған қызын да зорлайтын", – дейді жәбірленуші.
20 жыл бойы сұмдық жағдайларға шыдап келген ол былтыр қазан айында үйден қашып кеткен. Полицияға бірден арыз жазғанымен, оны әлі күнге дейін қабылдамапты. Айтуынша, полицейлер ауылдық әкімдікте жұмыс істейтін күйеуінің әпкесін тыңдап, шара қолданбайды.
"Ол 20 жыл бойы құлдықта өмір сүрсе де, әлі күнге дейін арызымды қабылдаңызшы деп бәріне жалынып жүр. Бұл не деген масқара? Қылмыстық істі қозғамаған. Ешқандай шара да қолданбай келеді", – дейді құқық қорғаушы Талас Сағымбаев.
Болжам бойынша, жантүршігерлік қылмыстар жасалған үйге журналистер барып қайтқан. Алайда, үйден ешкімді таппапты.
Көршілерінің айтуынша, Шолпан қашып кеткелі бері, оларды мұнда көрмеген, соған қарағанда, полиция келеді деп қорыққан.
"Иә, осы пәтерде тұрған, бірақ міне 2 ай болды оларды көрмедік. Үнемі айқай-шу болатын, бөтендер көп келетін. Талай рет шағымдандық, бірақ нәтиже болмады", – дейді көршісі Әсем.
Шолпанның азаматтық некедегі жұбайынан тапқан екі баласы бар. Бірақ оларды көрмегеніне көп болыпты. Күйеуінің әпкесі өзіне алып кетіп, Шолпанды ата-ана құқығынан айырған көрінеді.
Еске сала кетейік, жақында Жамбыл облысында қарындасын алты жыл бойы зорлаған 22 жастағы ер адам сотталды.
Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1836373-tugan-kyzyn-da-zorlajtyn-smdykty-bastan-kesken-elordalyk-jel-zanajkajyn-ajtty/