Тоқаев ерлікпен қаза тапқан полицейді "Айбын" орденімен марапаттады
Жарияланған күні:
Президент жексенбі күні қылмыскердің қолынан қаза тапқан полицей Дархан Базарбаевтың ерлігін ескеріп, марапаттады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Ақордаға сілтеме жасап.
"Қызметтік борышын атқару үстінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін Ішкі істер министрлігі Қостанай облысы Полиция департаменті Қостанай ауданы полиция бөлімінің полицейі Дархан Серікұлы Базарбаев ІІІ дәрежелі "Айбын" орденімен наградталсын (марқұм)", - делінген хабарламада.
Еске сала кетсек, жексенбі күні қостанайлық полицей қызметін атқару кезінде мерт болған.
19 қаңтарда "102" пультіне Тобыл қаласының тұрғыны хабарласып, Комсомольский көшесіндегі үйде отбасылық жанжал туындағанын айтқан.
"Патрульдік полицейлер Дархан Базарбаев пен Амангелді Сыздықов оқиға орнына 6 минуттан соң жетті. Тәртіп сақшылары 28 жастағы үй иесінің өзінің отбасын пышақтап өлтірмек болғанын анықтады. Отбасы мүшелері ол пышақ алып шығуға кеткен уақытта, үйдің есігін жауып тастаған. Күдіктіні ұстау барысында полицей пышақ жарақатын алған.
Алайда, ол отбасы қауіпсіздігі үшін қажетті шараларды жасады. Оқиға орнына келген жедел жәрдем қызметі Дархан Базарбаевтың көз жұмғанын айтты", - деді облыстық полиция департаменті баспасөз хатшысы Ирина Беженарь.
Полицейдің артында 4 айлық сәбиі қалған. Қазір күдікті қамауға алынып, ҚР ҚК 99-бабы бойынша іс қозғалды.
Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1836910-tokaev-erlikpen-kaza-tapkan-policejdi-ajbyn-ordenimen-marapattady/