Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Елдің бетіне қалай қараймын?": Алматы облысында 21 жастағы келіншек өз-өзіне қол салды

Жарияланған күні:

Алматы облысында бүтін бір әулет қызымызды суицидке итермеледі деп полицей күйеу баласы мен оның отбасын айыптап отыр. Айтуларынша, Гүлмайса Жақыбаеваны күйеуі мен ата-енесі қорқытып, 13 миллион теңге ұрлықты мойнына алуға мәжбүрлеген деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ КТК телеарнасына сілтеме жасап.

КТК телеарнасының видеосынан кадр
КТК телеарнасының видеосынан кадр: Facebook

Гүлмайса Жақыбаева Жаркенттің шетіндегі үйден асылған күйі табылған. Мұнда марқұмның ата-анасы тұрады. Жас келіншек төркініне күйеуімен жанжалдасып қалған соң келген. Ал келесі күні таңда өз-өзіне қол салған. Жақындары дереу жедел жәрдем шақырғанымен, 21 жастағы келіншекті ажалдан арашалап қалу мүмкін болмапты.

Гүлмайса бір жарым жыл бұрын Жанат есімді полицей жігітке тұрмысқа шыққан. Қара жамылған ата-ананың айтуынша, қыздарын суицидке итермелеген жағдай бір апта бұрын болған. Сол күні Жанат Қуанышбаев келіншегін сотқа апарып, өзгенің қылмысын мәжбүрлі түрде мойындатқан көрінеді.

"Бұны әбден қорқытқан, өзі де бұрыннан қорқады екен ғой, бізге білдіртпей жүрген. Қағазды жазғызған. Ол қағазға: "Мен 13 миллион теңге ұрладым, ұрлағаным рас, мойындаймын" деп жазғызған", - дейді марқұмның анасы Ардақ Жақыбаева.

Мұнымен қоймай, "Бес айлық баламнан бас тартамын" деп жазғызыпты. Марқұмның әбден қорқып тұрғанын көріп, соттағылар қағазды қабылдамаған. Ал күйеуі қолхатты қыздың ата-анасына көрсетіпті. Гүлмайса осының бәріне шыдамаса керек. Мұны марқұмның күйеуіне жазған соңғы хатынан аңғаруға болады.

"Сен маған ұрламаған нәрсені мойындатып, "қайтадан қосыламыз" деп алдадың. Әкем мен кенже ағамның алдында масқара етіп кеттің ғой. Енді елдің бетіне қалай қараймын?", - делінген келіншектің хатында.

Жақыбаевтар әулеті жағдайға полицей күйеу баласын ғана емес, оның отбасын да кінәлайды. Ардақ Жақыбаеваның айтуынша, қыздарын өзіне қол жұмсауға итермелеп отырған қайын атасы көрінеді.

Марқұмның туыстары іс жылы жабылып, кінәлілер жазадан сытылып кете ме деп алаңдауда. Өйткені сараптама жасалып жатқан кезде марқұмның күйеуі мен қайын атасы мәйітханада жүрген дейді шағымданушылар.

"Жазбаның бәрін өзгертпекші болған ғой, сот-медициналық сараптаманы. Өйткені мына жерде электрошокпен күйдірген ізі бар дейді, қолы көгерген", - марқұмның әпкесі Кәмшат Жақыбаева.

Ал Панфилов аудандық ПБ "өз-өзіне қол жұмсауға жеткізу" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Марқұмның күйеуі Жанат Қуанышбаев аяқ астынан денсаулығына байланысты демалысқа шығып кеткен.

 "Қазір күдікті болып танылған жоқ. Қорғануға құқығы бар ретінде, куә ретінде жауап алынған. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру енді басталды. Біз керекті сараптамаларды тағайындадық. Солардың қорытындысын ала келе, заңды шешім қабылдаймыз", - деді Панфилов аудандық ПБ бастығының орынбасары Айдар Әбдірахманұлы.

Айта кетейік, жігіттің отбасы Қоңырөлең ауылындағы шаруа қожалығының иесі. Ауыл тұрғындары мен қызынан айырылған әулет мемлекет басшысына дейін хат жолдаған. Олар кінәлілердің тиісті жазаға тартылуын талап етеді.

Дереккөз: КТК телеарнасы

Еске сала кетсек, Оралда күйеу жігіт өз тойынан кейін өз-өзіне қол салмақ болған еді.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1837022-almaty-oblysynda-21-zastagy-kelinsek-z-zine-kol-saldy/