Ақтөбеде теракт ұйымдастырған азамат түрмеден өлі күйінде табылды
Жарияланған күні:
2016 жылы маусым айында Ақтөбеде болған терактіге қатысқаны үшін сотталған Асхат Иманғалиев түрмеден өлі күйінде табылды. Ол Арқалыққа жақын маңдағы колонияда өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын өтеп жатқан деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ "Азаттыққа" сілтеме жасап.
ҚР ІІМ ҚАЖД ақпараты бойынша, азамат өз-өзіне қол салған. Қазіргі уақытта аталған фактіге байланысты тергеу жұмыстары жүріп жатыр, істің мән-жайы анықталуда. Әзірге басқа ақпарат айтылған жоқ.
Еске сала кетейік, 2016 жылдың 5 маусымында Ақтөбе орталығында қаруланған топ әскери бөлім мен қару-жарақ сататын дүкенге шабуыл жасаған болатын. Атыс салдарынан 21 адам қаза болып, 38 адам жарақат алған еді. Арнайы операция барысында 18 лаңкес пен тағы 20 адам ұсталды.
Олардың қатарында Асхат Иманғалиев те бар. 1986 жылы Ақтөбе облысында туған азамат сотталмас бұрын сауда орталығында мобильді гаджеттер сатумен айналысқан.
Осыған дейін желіде лаңкестердің өз істеріне өкінетінін айтқан видеосы да тараған еді. Онда Асхат Иманғалиев бірінші қару-жарақ дүкенінде, кейін орманда болғанын атып, не істегенін түсінбей қалғанын баяндайды.
2019 жылдың көктемінде Арқалықтағы колонияда терактіге қатысқандардың бірі туберкулезден қайтыс болды. Айдос Жұбанов 22 жыл түрмеге жабылған еді.
Лаңкесттіке күдіктелген 29 азаматқа үкім 2016 жылдың күзінде шықты. Олардың ішінде жетеуі өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Қалғандары 2 жылдан 22 жылға дейін сотталды. Бір сотталушы қылмысты жасырғаны үшін 4 жыл шартты түрде бас бостандығынан айырылды.
2017 жылы рақымшылық бойынша қылмысты жасырғаны үшін сотталған 19 азаматтың жазасы жеңілдетілді.
Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1840974-aktbede-terakt-jymdastyrgan-azamat-trmeden-li-kjinde-tabyldy/