Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Instagram-ға жазған келінім емес": Алматыда қаза тапқан полицейдің әкесі өз шындығын айтты

Жарияланған күні:

25 мамыр күні Алматы қаласындағы №4 блок-бекетте екі полиция қызметкерінің өмірін қиған жол апаты болды. Осыдан кейін әлеуметтік желіде қайғылы жағдайдың түрлі болжамдары айтылды. Ал марқұм Дастан Әбдіқановтың әкесі Марат Әбдіқанов желіде тарап жүрген әңгімелерге нүкте қойды. Ол ұлын ақтық сапарға шығарып салған соң өз шындығын баяндаған. Марқұмның әкесі баласының өліміне қатысы бар Азат Азаматов туралы да пікір білдірді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы Azattyq Rýhy басылымына сілтеме жасап.

Фото: Instagram, polisia.kz
Фото: Instagram, polisia.kz: Instagram

Айта кетейік, кеше әлеуметтік желідегі кейбір топтар мен ақпарат құралдарына қайтыс болған Дастан Әбдіқановтың әйелі сұқбат беріп, жол көлік оқиғасын жасаған азаматтың марқұм күйеуімен бірге жұмыс істегенін айтқан болатын.

"Кінәлі азамат полицияда жұмыс істемейді деген өтірік. Ол - органның қазіргі қызметкері. Менің күйеуіммен бірге талай рет түнгі ауысымға шыққан. Түнде оларға өзім тамақ істеп беретінмін.
Күйеуімнің әріптестерінің барлығын жақсы танимын. Шындықты айтыңыздар! Отбасын асыраушы азаматты өлтірген қаскөйді қорғамаңыздар! Марқұмдардың, біздің сүйіктілеріміздің арын аяққа таптамаңыздар!",- деді Динара Instagram парақшасында.

Алайда, Дастан Әбдіқановтың әкесі бұл ақпараттарды келіні жазбағанын мәлім етті. Ол БАҚ беттері мен желіде тараған мәліметтерді естігенін, бірақ оған сұқбат беруге отбасы мүшелерінің мүмкіндіктері болмағанын жеткізді.

"Бұларды жазған менің келінім емес. Ол жазбаларды менің келінімнің атын пайдаланып басқа біреулер жазған. Ондай әңгімеге ермеңдер. Менің келінім ондай айтатын жағдайда емес еді.

Шок алып, өлім туралы естіген кезде талып қалып, содан бері есін жия алмай отырды. Дастанның денесін әкелгенде ғана өз-өзіне келді.

Баламның (Дастан Әбдіқанов - ред.) Азатпен істегенінен хабарым жоқ. Білетінім, ол бір ғана баламен істеп жүрді. Оның есімі Жандос болатын. Қазір ол басқа біреумен напарник болып кетті.

Бір күні біреумен, екінші күні басқа біреумен шығады. Осы өлген кезінде жанындағы қызметтесімен (Жарас Жанғазиев - ред.) түскен екен. Екеуі өліп отыр.

Оған адал бол деп үйреттім. Жаны жаннатта болсын, адал жүрді, органда істейді екенмін деп жан-жағына "пысықай" көріну деген болмады.

Біздің біреуге сұқбат беруге, смартфонды ашуға жағдайымыз болған жоқ. Біздің атымыздан айтылған әңгімелерге сенбеңіздер",- деді  марқұмның әкесі.

Еске сала кетейік, екі полиция қызметкерінің өмірін жалмаған жол апаты 25 мамырда таңғы сағат 5.30-да Көксай ауылындағы блок-бекетте болған.

BMW көлігінің жүргізушісі, 1992 жылы туған ер адам әуелі бетон қоршауға соғылып, содан кейін полиция қызметкерлерінің көлігіне соқтығысқан. Көлік ішінде қос бірдей полиция қызметкері отырған.

Алған жарақаттарының салдарынан оқиға орнында полиция аға лейтенанты Жалғас Жанғазиев қайтыс болса, оның әріптесі полиция сержанты Дастан Әбдіқанов ауыр халде ауруханаға жеткізіліп, сол жерде есін жимастан көз жұмған.

Осыдан кейін күдіктіге қатысты әлеуметтік желіде түрлі деректер шықты. Оның тәртіп сақшысы болғандығы да айтылды.

Осыған байланысты Алматы полиция департаменті пікір білдірі, жантүршігерлік жол апатына күдікті - полиция қызметкері деген ақпаратты жоққа шығарды.

Ал кеше құзырлы орган жол апатына кінәлі азаматтың бұрын құқық қорғау органдарында қызмет еткенін растады. Департамент күдіктінің осыған дейін өз қызметіне салғырт қарағаны үшін жұмыстан қуылғанын мәлімдеді.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Instagram парақшамыздан оқыңыздар>>

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1857713-instagram-ga-zazgan-kelinim-emes-almatyda-kaza-tapkan-policejdi-kesi-z-syndygyn-ajtty/