Жамбыл облысында екі әйелді айуандықпен өлтірген азамат өзіне қол салған
Жарияланған күні:
Жамбыл облысында екі әйелді асқан айуандықпен өлтіріп, қашып кеткен күдікті өзіне де қол салған деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы КТК арнасына сілтеме жасап.
54 жастағы Өзбекстан азаматын іздеуге бір айдан аса уақыт жұмсаған полицейлер жақында оның асылып тұрған мәйітін тауыпты.
Полиция қазіргі уақытта сараптама жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты.
"Жедел-іздестіру шарасында 27 маусымда Тұрар Рысқұлов ауданынан өзіне қол жұмсау белгілері бар мәйіт табылды. Жеке заттарын қарай келе, оның қожалықтағы қылмысты жасаған күдікті екені анықталды. Марқұмның нақты неден қаза тапқанын анықтау үшін бірқатар сараптамалар тағайындалды", – дейді Жамбыл облыстық ПД баспасөз хатшысы Гүлсара Мұхтарқұлова.
Адам шошырлық қылмыс мамыр айында Тұрар Рысқұлов ауданы Мамай ауылында болған. Таудағы қожалықта бірнеше ай малшы болған өзбекстандық ер адам екі әйелді өлтіріп, мәйіттерін тапшанның астына жасырған.
Марқұмдардың бірі – 50, екіншісі 38 жаста болған. Көршілер соңғы рет ер адамды теміржол маңынан көрген. Ат мініп жүрген ол жануарды тастап, із-түзсіз жоғалған.
Қанды қылмыс болған қожалық жергілікті учаскелік полицей мен оның анасына тиесілі екені анықталды. Бірақ бұл оқиғадан соң, қоқық қорғау қызметкері іле-шала өз еркімен жұмыстан кетіпті. Онымен қоса, жұрттың жағасын ұстатқан оқиға болған жерден бүкіл малын алып кеткен.
Айуандықпен өлтірілген екі әйелдің жақындары қылмысты жалғыз адамның жасауы мүмкін емес деп болжады. Ал күдікті асылып қалған оқиғаның мән-жайын полиция ашып айтпай отыр.
Дереккөз: КТК арнасы
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1863057-zambyl-oblysynda-eki-jeldi-ajuandykpen-ltirgen-azamat-zine-kol-salgan/