"Екі сағат далада жатты": Зейнеттегі полковник екпе салдырған соң көз жұмды
Жарияланған күні:
Алматы қаласындағы ардагерлерге арналған медициналық мекемеге өз аяғымен барған зейнеттегі полковник екпе салдырғаннан кейін қайтыс болды. Марқұмның жақындары оған қандай дәрі еккенін білмейтіндерін жеткізген деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.
Телеарна таратқан ақпаратқа сәйкес, ардагерлерге арналған ауруханада тіркеуде тұрған 71 жастағы зейнеткерге "гастрид" деген диагноз қойылған.
Ол қатты сырқаттанып тұрғанын үйіндегілерге айтып, ем алуға келген екен. Алайда, орын жоқ деген дәрігерлер қабылдаудан бас тартып, екі сағаттан астам есік алдын торуылдап жүріпті.
Дерті асқынғасын ақ халаттылардан екпе салуын өтінген. Қабылдаған екпеден кейін зейнеткер арада 20 минут өткенде сол жерде көз жұмған көрінеді.
"Сап-сау аяғымен келген адам укол салған соң 20 минуттан кейін қайтыс болып тұр ауруханада. Екі сағат далада жатты. Ешкім келіп көмектескен жоқ. Ішіндегі салған 60-кабинеттегі врач бәрі қашып кетті. Түгел қашып кетті", - деді марқұмның ұлы Сәбит Қызайбеков.
Туыстары басында медициналық мекеменің қызметкерлері ешқандай дәрі-дәрмек жоқ деп айтқанын жеткізді.
Олардың сөзінше, біраз уақыт өткеннен соң екпенің табылғанын айтып ішке шақырыпты.
"Бәріне сондай укол салып жатырмын. Ношпа салдым" деді. Бірақ біз нақтысын сұрап алдық. Енді келеді де, бала-шағасы келіп сұраса, бала-шағасына "біз кетотап немесе кетотал сондай укол салдық" деп басқаша сөйлеп жатыр", - деді марқұмның туысы Гүлнұр Дауылбекова.
Осы жағдайға байланысты Ұлы Отан соғысы ардагерлер қалалық ауруханасының бас дәрігері пікір білдірді.
"Қазіргі таңда бұл істі басшылыққа жіберді. Басшылық та тексеру қажет. Жауабын алған мезетте, бірден айтамыз", - деді ол.
Телеарна мәліметінше, 71 жасында өмірден озған Адамбек Байыров полковник шенінде зейнетке шыққан екен. Марқұм Алматы облысында тұрып келген. Екі күн бұрын коронавирусқа тест тапсырып, онысы теріс нәтиже көрсетіпті.
Еске сала кетсек, осыған дейін иммунология және аллергология бойынша жоғары санаттағы дәрігер Рафаил Розенсон коронавирус туралы көпшіліктің көкейіндегі сауалдарға жауап беріп, қазақстандықтарға өз кеңесін айтқан болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1863251-eki-sagat-dalada-zatty-zejnettegi-polkovnik-ekpe-saldyrgan-so-kz-zmdy/