БҚО-да орманнан шыққан өрт ауылға жетіп, 40-тан астам адам эвакуацияланды
Жарияланған күні:
Батыс Қазақстан облысында орманнан шыққан өрт ауылға кіріп, 40-тан астам адам қауіпсіз жерге көшірілді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, Ақжайық ауданы Бударин ауылдық округі Коловертное ауылынан 10 км жерден шыққан табиғи өрт 13 және 14 шілде күндері 16 гектар аумақты қамтыды.
14 шілде күні сағат 18.02-де оқшауланған өрт салдарынан бір тұрғын үй, бір адам тұрмайтын үй және 4 шаруашылық құрылысы жанды. 42 адам эвакуацияланып, 15 бас ірі қара, 25 уақ жандық, 30 тауық шығарылды.
Аталмыш ауылда 55 үйде 130 адам тұрады. Кейін тұрғындар өз үйлеріне оралды, зардап шеккендер жоқ.
14 шілде күні сағат 09.27-де Теректі ауданы Шағатай мен Ақсоғым ауылдары арасында 16 гектар құрғақ шөп пен бұталар отқа оранды.
13 шілде күні өңірде 5 табиғи өрт (3 дала, 2 орман өрті) және 9 табиғи жану тіркелді. 14 шілде күні де 9 табиғи жану болды. Қазір өрт шарпыған аумақ нақтылану үстінде.
Оқиға орнына облыс әкімі Ғали Есқалиев барды. Өңір басшысының тапсырмасына сәйкес жедел штаб құрылып, жағдай бақылауға алынды.
Еске сала кетсек, елордада өрт сөндіруге келген көліктің суы таусылып, баспана түгі қалмай жанып кеткені туралы жазған едік.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1864926-bko-da-ormannan-sykkan-rt-auylga-zetip-40-tan-astam-adam-evakuacialandy/