Польшада 16 жастағы отандасымыздың қалай қаза болғаны анықталды
Жарияланған күні:
Польшада оқып жатқан 16 жастағы қазақстандықты браконьер атып өлтіргені анықталды. Қайғылы жайт осы айдың басында Ключковице елді мекеніндегі алма бақта болған деп хабарлайды КТК арнасы.
"Дипломаттарымыз бұл мәселемен айналысып жатыр. Құжаттарын рәсімдеп, жақын арада марқұмның денесін Қазақстанға жеткізуге барлық әрекет жасалып жатыр. Поляк полициясының берген ақпаратына сәйкес, 2 күдікті ұсталды, 1 күдікті және оның досы. Біріншісіне кісі өлтірді деген айып тағылып жатыр. Ал оның досына көмектеспеді және тергеуге кедергі жасады деген айып тағылып жатыр", - дейді СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров.
Куәгерлердің айтуынша, олар алма баққа барған кезінде көліктің дыбысын естіген. Сол сәтте жапатармағай ағаштардың арасында бой тасалаған олар тарс еткен мылтық үнін естиді.
Өкінішке қарай, бытыра қазақстандықтың өкпесі мен бауырын тесіп өткен. Оқ жаудырған браконьерлер болса, жасөспірімдердің айқай-шуын ести сала, ізін суытқан.
Дереу дәрігерлер шақырылғанымен, баланы аман алып қалу мүмкін болмады. Полицейлер бір тәуліктен кейін 51 жастағы ер адамды ұстады. Оның бұрын полицияда жұмыс істегені белгілі болды.
Браконьер ағаш арасындағы жасөспірімді қабан деп ойлап қалғанын айтып, ақталған. Бұдан бөлек, аңшының жанында болған шіркеу қызметшісі де ұсталды. Оған зардап шеккен адамға көмек көрсетпеді деген айып тағылып отыр. Сол үшін бес жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал адам өлтірген браконьер сегіз жылға дейін темір торға тоғытылуы ықтимал.
Еске салсақ, бұған дейін біз Польшада 16 жастағы қазақстандықты өлтіріп кеткендігі туралы жазған едік. Кейін бұл жайтқа қатысты СІМ мәлімдеме жасаған болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1883507-polsada-16-zastagy-otandasymyzdy-kalaj-kaza-bolgany-anyktaldy/