Түркіменстан базарында тауық еті үшін жаппай төбелес болды
Жарияланған күні:
Түркіменстанның Мары қаласындағы көк базарда тұтынушылар жаппай төбелесіп қалды. Оған тауық еттінің арзан бағада сатылуы себеп болған деп жазады turkmen.news басылымы.
Базарда арзан тауық еті сатылады деген сыбыс Мары уәлаятында лезде тараған. Өнімді сатып алу үшін тек облыс орталығынан емес, ауданнан да адамдар жиылған. Дәл осы жағдай жаппай төбелеске себеп болған.
17 желтоқсан күні базарға тауық етінің 8 қорабы жеткізілген. Мары тұрғындары кезекке тұра бастағанда, базарға аудан тұрғындарының үш автобусы келіп жеткен.
Марылықтар тауық еті тек қала тұрғындары үшін жеткізілді деген себеппен ауданнан келгендерді кезекке тұрғызбауға тырысқан. Ал ұзақ жолдан келген ауыл тұрғындары берілмей, төбелес басталып кеткен. Жанжалды тоқтатуға полиция қызметкерлері араласқан.
Түрікменстанда азық-түлік тапшылығы жоқ коммерциялық дүкендер бар. Бірақ ондағы бағалар халықтың көпшілігі үшін қол жетімді емес.
Адамдар азық-түліктің саны шектеулі шекті бағасы бекітілген мемлекеттік дүкендерге сенім артуға мәжбүр. Мысалы, коммерциялық дүкендерде бір келі алма 55 манат тұрады, ал мемлекет қойған баға 15 манаттан аспайды.
Шын мәнінде, кеңестік мемлекеттік дүкендердің көпшілігі бұрыннан жекешелендірілген, бірақ оларда субсидияланған өнімдерге арналған сөрелер қалған.
Кейде бұл өнімдер базарда сатылуы мүмкін. Адамдар оларды қайда, қашан және не сатып алуға болатынын көп уақыт бойы іздейді.
Көптеген елді мекенде сауданы ретке келтіру үшін талондар енгізілген. Яғни, әр отбасы мемлекеттік бағамен өзі тіркелген дүкеннен шектеулі мөлшерде ғана өнім сатып ала алады. Бірақ талондар тауарлардың барлық тұрғынға берілетініне кепіл бола алмайды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1890121-trkimenstan-bazarynda-tauyk-eti-sin-zappaj-tbeles-boldy/