Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Бір жолаушы қаза тапты": Түркістанда көшеде тұрған көлікті айдап кеткен жүргізуші жол апатын жасады

Жарияланған күні:

Көрнекі
Көрнекі фото: pexels.com

Түркістан облысының полиция қызметкерлері бөтеннің көлігін заңсыз айдап кетіп, жол апатын жасаған күдіктіні ұстады деп хабарлайды Polisia.kz.

Басылымның жазуынша, Қазығұрт аудандық полиция бөліміне жол-көлік оқиғасы жөнінде қоңырау түскен.

Хабарлама алысымен тәртіп сақшылары оқиға орнына жеткен.

Тексеру кезінде жергілікті тұрғынның мас күйінде ВАЗ 21051 көлігін тізгіндеп, оның басқару жүйесін игере алмай қарама-қарсы бағытта келе жатқан Volkswagen Golf-пен соқтығысқаны белгілі болды.

Салдарынан Volkswagen Golf көлігінің бір жолаушысы қаза тапқан.

Полиция қызметкері жол апатына кінәлі жүргізушінің құжаттарын тексере келе көлік өзгенікі екенін анықтапты.

"Жол апатын жасаушы мас халде көше бойында есігі ашық тұрған “ВАЗ” маркалы көлікті байқап, ешкім жоқтығын пайдаланып, 10 шақырым қашықтыққа дейін заңсыз айдап кеткен. Осылайша өзгенің көлігін жымқырып, онымен қоймай жол қозғалысы ережесін өрескел бұзған", - дейді полициядан

Аталған жайттар сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, қылмыстық кодекстің 345-1-бабы (Алкогольдік, есірткілік және немесе уытқұмарлық масаң күйде көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы) мен 200-бабы (Автомобильді немесе өзге де көлік құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу) бойынша тіркелді.

Кінәлі жүргізуші қамауға алынған, алайда жол апаты салдарынан бел омыртқасынан жарақат алғандықтан ауруханаға жеткізілген.  

Қазіргі таңда жинақталған материалдар айыптау актісімен бірге сотқа жолданған.  

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1893084-bir-zolausy-kaza-tapty-trkistanda-ksede-trgan-klikti-ajdap-ketken-zrgizusi-zol-apatyn-zasady/