Елордада қыз үшін жанжалдасқан жігіттер бір-біріне оқ атқан
Жарияланған күні:
Әлеуметтік желіде Нұр-Сұлтан көшелерінде болған түнгі атыс туралы ақпарат тарады. Куәгерлердің сөзінше, жараланғандар да бар. Оқиғаға қатысты елордалық полиция департаменті пікір білдірді деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
"Бірінен кейін бірі оқ атылды. Терезеге жүгіріп барсам, жаппай төбелес болып жатыр. Қансыраған жаралылар жатыр. Бір топ адам Сембинов көшесіне қарай қашты", - дейді Facebook желісіндегі "Интересная жизнь Астаны" парақшасының пайдаланушысы.
Куәгердің сөзінше, ол бірден полиция мен медицина қызметкерлеріне хабар берген. Айқай-шуды естіген көрші үйлердің тұрғындары да шыға бастаған.
"Адамдар зардап шеккен соң полиция мен жедел жәрдемді шақырып жаттым. Алайда бірер минуттан кейін жаралыларды көлікке тиеп, айдап кеткенін көрдім.
Қарама-қарсы тұратын үйлердің адамдарды да шуды естіген соң шыға бастады. Полиция келген кезде жолда қанның іздері ғана қалды", - деп жазды келіншек.
Жағдайға қатысты елордалық полиция департаменті де пікір білдірді.
Анықталғандай, бүгін түнгі сағат 01:09-да қалалық ауруханаға 19 және 23 жастағы екі ер адам оқ жарақатымен түскен.
"Бұрыннан таныс адамдар арасында қыз үшін қару қолданып, төбелес болғаны анықталды. Жанжалға қатысқандардың барлығы ұсталып, "Байқоңыр" ауданы полиция басқармасына жеткізілді. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды, тергеу амалдары жүргізілуде", - делінген полицияның хабарламасында.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1895335-elordada-kyz-sin-zanzaldaskan-zigitter-bir-birine-ok-atkan/