Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Бәрін сатып алды": Танысы ұрып-соғып, зорлап кеткенін айтқан елордалық ару әділдік іздеп жүр

Жарияланған күні:

Елордалық ару
Видеодан кадр: Astana TV

Елордалық бойжеткен жарты жылдан бері әділдік іздеп, шырылдап жүр. Айтуынша, өзін бұрынғы танысы аяусыз ұрып, зорлап кеткен. Ал көптеген айғаққа қарамастан жақында тергеушілер істі жауып тастаған. Астаналық ару өзіне зорлық көрсеткен азамат барлығын сатып алған деген пікірде деп хабарлайды Астана арнасы.

Басынан өткен жайтты баяндаған бойжеткеннің айтуынша, танысы есірткі пайдаланып, ішімдік ішкендіктен жүре алмайтынын айтып, қонақүйге апарып тастауды сұраған.

Ал жәбірленуші ештеңеден күдіктенбей, көмектесуді ұйғарған. Сол түні азамат оны ұрып-соғып, зорлаған. Енді бойжеткен бет-әлпеті мен аты-жөнін жасыруға мәжбүр.

"Бізді бастықтың орынбасары шақырып, істің бақылауда екенін, сотқа жететінін айтты. Алайда, әлі тым-тырыс. Заттай айғақтар жоғалып кетті, кейін қайта табылғанда ол жерде ештеңе жоқ болып шықты. Күдікті бәрін сатып аламын деген, дәл солай болды. Негізі сараптамада барлығы расталған еді", - дейді жәбірленуші.

Телеарнаның мәліметінше, күдікті осыған ұқсас баптар бойынша бірнеше рет сотқа тартылған. Бірақ, ол үнемі жазадан құтылып кетіп жүрген. Бойжеткеннің бұрынғы танысы бұл істен де сытылып шыққысы келгенге ұқсайды. Өйткені ол жәбірленушіге 1 млн теңге ұсыныпты.

Бойжеткен бұл ұсыныстан бас тартқан, алайда сол күйі әділдікке қол жеткізе алмаған. Істі бәрібір жауып тастаған.

Ал бұған қатысты пікір білдірген елорданың полиция департаменті бұл жерде қылмыс құрамының жоқ екенін мәлімдеген.

"Тергеу аясында қажетті тергеу жұмыстары жүргізілді. Қылмыс құрамының жоқтығына байланысты істі жабу туралы шешім қабылданды. Бұл шешімді прокуратура құптады", - дейді Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Эльмира Шәуленова.

Дегенмен, полиция неге тергеу сараптамада расталған айғақтарды назарға алмағанына жауап бермеген.

Қоғам белсенділері бұндай жайт бірінші рет болып отырған жағдай емес дейді. Сотқа мұндай істердің азғантай бөлігі ғана жететін көрінеді. Ал жәбірленушілердің көбі зорлық жайлы айтудан қорықса, екіншілерін тыңдайтын құлақ жоқ.

Осы тұста үш жылда сотқа тұрмыстық зорлық- зомбылыққа қатысты істердің тек 65 пайызы ғана жеткенін айта кету керек. Олардың дені - кісі өлтіру немесе денсаулыққа аса ауыр зиян келтіру.

Ал соңғы тоғыз айда полицияға зорлық-зомбылықтың 160 мың құрбаны жүгінген. Олардың көбісі-әйелдер.

Алина Біржанова

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1899591-barin-satyp-aldy-tanysy-uryp-sogyp-zorlap-ketkenin-aitqan-elordalyq-aru-adildik-izdep-zur-video/