21 адам көз жұмды: АҚШ-ты әбігерге салған аяз демалыс күндері де жалғасуы мүмкін
Жарияланған күні:
АҚШ-та күннің күрт суытуы билікті алаңдатып отыр. Елде қатты аяздан 21 адам қайтыс болып, 3 миллионға жуық баспана жарықсыз қалды. Ауыз судан ажыратылғандар да аз емес. Табиғаттың тосын мінезінен жол-көлік апаттары да жиілеген деп хабарлайды "Астана" телеарнасы.
Мамандар аяз демалыс күндерінде де жалғасады деп болжап отыр. Табиғи апат Остин мен Техас супермаркеттеріне қиындықтар туғызған. Мұндағы сөрелер босап, халықтың көптігінен кезек пайда болған.
Жергілікті тұрғындар ауа райы нашарлап кеткесін, жанталаса керек-жарақтарын алып, қамданып жатыр. Әсіресе жылудың жоқтығы халықты әбден әбігерге салуда. -35 градус суықта жылу генераторлары істен шығып, Техаста 3 миллионнан астам адам электр жарығынсыз қалды.
"Мен өртенеді деген заттың бәрін қалдырмай өртедім. Бұл әрине, өте қорқынышты жағдай. Ақыры жақсы болса екен деп тілеймін. Бірақ бәрі аяқталған соң ахуалды оңалтуға бірдеңе ойластыру керек", - дейді Дентон тұрғыны Роберт Пирс.
Жылу іздеген тұрғындардың дені көлігінде отырып, жылынуға кіріскен. Ал басқалары каминді пешін қолданып жатыр. Бірақ көбінесе бұл өрттің пайда болуына әкеледі. Мәселен, дәл осындай жағдай Шугар-Лендте орын алып, әйел мен үш бала қайтыс болды.
"Бұл отбасы 8 сағаттай электр қуатынсыз отырған. Олар камин пешін жағуы мүмкін немесе шамдарды қолданған шығар. Біз өрттің шығуына не себеп болғанын айта алмаймыз. Өкінішке қарай өте қорқынышты жағдай. 41 жастағы әйел мен балалары бір мезетте көз жұмды", - дейді өрт сөндіру қызметінің өкілі Даг Эдольф.
Тұрғындар электр энергиясын шамадан тыс қолдануынан елде сымдар үзіле бастаған. Жел генераторлары да жаппай істен шығыпты. Тіпті, құбырларға да мұз қатқан.
"Қазір шамамен 10 мың мегаватт желіден ажыратылды. Адамдар қандай шешімдер қабылданатынын білгісі келеді. Бірақ бұл бізге байланысты емес. Электр энергиясы мен көлікке қатысты проблемалар бірнеше күн бойы сақталады", - дейді Техас губернаторы Грег Эббот.
Бұрын-соңды болмаған аязға байланысты, вакцинация жасайтын орталықтар жабылып қалды. Себебі, препараттарды сақтайтын орын жоқ. Сегіз мың дозаны Техастағы аудандық ауруханаларға апарып, бұзылмай тұрып қолдану керек.
Одан бөлек, көктайғақтан көлік апаттары жиілеген. Хьюстонның өзінде 120-ға жуық жол апаты тіркелді. Осы уақытқа дейін 21 адам қаза тапқандығы хабарланды. Бірақ билік өкілдері бұл сандар алдағы уақытта да көбейетінін айтып отыр.
А. Данияр
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1899787-21-adam-koz-zumdy-aqs-ty-abigerge-salgan-ayaz-demalys-kunderi-de-zalgasuy-mumkin/