Сәтбаевтағы 5 жасар қызды зорлау оқиғасы: Жаппай тәртіпсіздіктің хронологиясы
Жарияланған күні:
Қарағанды облыстық сотында Сәтбаев қаласындағы жаппай тәртіпсіздік бойынша кезекті сот отырысы басталды. 55 адам жауапқа тартылып жатыр. Оларға қатысты айыптау актісін екі тілде жариялауға бес сағаттай уақыт кетті. Оны екі прокурор кезектесіп оқыды деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Үйдің ауласына 1 500 адам жиналды
Айыптау актісіне сәйкес, 23 шілде күні кешкі уақытта полицияға кішкентай қыздың жоғалғаны туралы хабар түскен. Анасы қонаққа келгеннен кейін қызын ойнауға жібергенін, бірақ артынан таппай қалғанын айтқан. Іздеу шараларына Сәтбаев полицейлері ғана емес, Жезқазғанның тәртіп сақшылары да тартылды. Әлеуметтік желілер арқылы бүлдіршіннің жоғалғаны туралы ақпарат тез тарап кетті. Содан Ерден көшесіндегі 197-ші үйдің ауласында біраз адам жиналып, қызды іздеуге кіріскен. Полицейлер бүкіл үйді тінтіп шығады. Сосын бүлдіршіннің пәтерлердің бірінде екенін анықтап, түнгі сағат 00:53-те залда тұрған диванның астынан қызды тапқан. Оны бірден ата-анасына тапсырған. Ал күдікті ұсталды. Осы кезде үйдің ауласында 500-дей адам жиналып қалады.
"Олар баланың табылғанын білді. Әлеуметтік желілер арқылы балаға зорлық-зомбылық жасалғаны туралы ақпарат тез тарады. Аз уақыттың ішінде үйдің ауласында және айналасында жиналған адамдардың саны шамамен 1 500-ге дейін өсті. Олардың арасында бұрын қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартылғандар, сондай-ақ, мас адамдар да болды", - дейді прокурор Бекзат Әшімбеков.
Бас кезінде адамдар ашу-ызаға берілсе де, заңсыз әрекеттерге бармаған. Бірақ қалалық полиция бөлімінің бастығы халықтың қатты ашуланып жатқанын байқап, рация арқылы қосымша күш шақырады. Дегенмен аулада жиналған адамдардың саны басым болды. Біршама уақыттан кейін халық арасынан педофилді беруге қатысты талаптар айтыла бастады. Ол кезде 70 полицей кіреберісті қоршап алған. Бірақ олардың қорғаныс құралдары болмады. Ал адамдардың көп жиналғаны сонша, Жезқазғаннан келген құқық қорғаушылар қатарға бірден тұра алмапты.
Күдіктіге арнайы жасақтың киімін кигізді
Бұған дейін ішкі істер министрлігі Сәтбаевтағы жаппай тәртіпсіздік туралы бейнебаян шығарған. Сол жерде полицейлер күдіктіні қалай алып шыққанын айтты. Сол күні күдіктіні үйден шығару қауіпті болған. Себебі жиналған адамдар ашу-ызасын жасыра алмай, күдіктіні өз қолымен жазалауды көздеді.
"Оны халық арасынан шығарған жағдайда адамдар түгін қалдырмайтын еді, өлтіріп тастайтын еді. Өйткені халық ашынып кетті, өз эмоциясын бақылай алмады. Біз екі қабатқа жоғары көтеріліп, оған арнайы жасақтың киімін кигізуге шешім қабылдадық", - дейді арнайы жасақтың инспекторы Талғат Жолдинов.
Ашуланған адамдар күдіктінің пәтеріне кіріп шыққаннан кейін құқық қорғаушылар оларды далаға қарай ығыстырып, кіреберісті жауып тастайды. Сосын күдіктіні екінші қабаттағы көршінің пәтері арқылы үйдің артқы жағынан шығарған.
Ал 6 қазанда Қарағанды қаласының тергеу изоляторында күдіктінің өлі денесі табылды. Ол өз-өзіне қол салды.
6 әйел бар
Сәтбаевтағы жаппай тәртіпсіздікке қатысты іс кәмелеттік жасқа толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта қаралып жатыр. Себебі жаппай тәртіпсіздікке қатысқандардың үшеуі оқиға болған кезде 18 жасқа толмаған еді. Желтоқсан айында біреуі кәмелет жасына толды. Жалпы, 55 адам жауапқа тартылып отыр. Олардың ішінде 48 ер адам және 6 әйел бар.
Сотталушылардың басым бөлігі бұған дейін істі болмаған. Арасында жоғары білім алғандар да бар. Кейбіреулер уақытша жұмыссыз қалған. Бір адам өзін үш баласы бар жесір әйел ретінде таныстырды. Көпбалалы әке де сот алдында жауап беріп жатыр. Барлығы жаппай тәртіпсіздік пен билік өкіліне қатысты күш қолданғаны үшін жауапқа тартылмақ.
Іс судья Кенжебай Ысқақовтың төрағалығымен қаралуда. Сотқа 64 адам зардап шегуші ретінде қатысып отыр. 50 – полиция қызметкері, 13 – азаматтық тұлға және облыстық полиция департаментінің бір өкілі бар. Айыптаушылар тарапынан үш адам тіркелген. Прокурорлар – Нұрсұлтан Тамбаев, Шыңғыс Нұрдәулетов пен Бекзат Әшімбеков.
55 адам неше жылға сотталуы мүмкін?
Жаппай тәртіпсіздіктерге қатысқандардың басым бөлігі Қылмыстық кодекстің 272-бабы, 2-бөлігі (Жаппай тәртiпсiздiк) бойынша жауапқа тартылып отыр. Оған сәйкес, үш жылдан сегiз жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Бұдан бөлек, оларға 380-баптың 1-бөлігі (Билік өкiлiне қатысты қауіпті емес күш қолдану) бойынша айып тағылды. Ол үшін 3 000 АЕК-ке (8 751 000 теңге - ред.) дейiнгi айыппұл немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстары, не 800 сағатқа дейінгі қоғамдық жұмыстар не 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, я болмаса, осы мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы бар.
Бірқатар адам билік өкiлдерiнiң заңды талабына бағынбай, жаппай тәртіпсіздікке арандатқаны үшін айыпталды. Ондай әрекет үшін тағы үш жылға дейiн бас бостандығын шектеу немесе сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Сосын бұған дейін сотты болған адамдардың жазасы күшейтіледі.
Бүгінгі отырыста сотталушылардың көбісі өз кінәсін толығымен мойындап, процессулды келісімге дайын екенін жеткізді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1904019-satbaevtagy-5-zasar-qyzdy-zorlau-oqigasy-zappai-tartipsizdiktin-xronologiyasy/