Ақмола облысында терек мамығын жағып ойнаған жастар автобус паркін өртеп жіберді
Жарияланған күні:
Ақмола облысының Атбасар ауданында жасөспірімдердің терек мамығын жағып ойнауы салдарынан автобус паркінің жабық тұрағы өртенді деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сәйкес, Атбасар аудандық полиция басқармасы кезекші бөліміне жергілікті көлік кәсіпорны директорынан автобус паркінің жабық тұрағының өртенгені туралы арыз келіп түскен. Шығын сомасы 3 миллион теңге көлемінде бағаланып отыр.
"Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері 16 және 17 жастағы екі жасөспірімнің терек мамығын тұтатуы кесірінен кәсіпорын қоршауының бір бөлігі өртенгенін анықтады. Қоршаудан шыққан өрт кейіннен автобус паркінің тұрағының төбесіне жайылды", - деп түсіндірді ведомстводан.
Осыған байланысты Қылмыстық кодекстің 204 бабы 2-ші бөлігі "бөтен мүлікті абайсызда жою немесе бүлдіру" дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары жүргізілуде.
Полицейлер болса, ата-аналарды балаларына бақылауды күшейтуге және жазғы демалыс кезінде олардың бос уақытын тиімді өткізуге шақырып отыр.
Еске салсақ, бұған дейін ел астанасында теректен түскен ұлпалар өртеніп, Қазақстан президентінің резиденциясы – Ақорда маңы көк түтіннің астында қалғанын жазған едік.
Айта кетейік, бұған дейін департамент өкілдері өрт қаупі туралы ескерткен болатын. Қала көшелерінде терек ұлпалары көптеп жиналуы мен соңғы күндері ауа температурасының +35-ке дейін көтерілуі қауіпті күшейте түскен.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1917036-aqmola-oblysynda-terek-mamygyn-zagyp-oinagan-zastar-avtobus-parkin-ortep-ziberdi/