СҚО-да теміржолда екі адам мерт болып, біреуі ауыр жарақат алды
Жарияланған күні:
Солтүстік Қазақстан облысында пойыз соғып, ауыр жарақат алған әйелдің аты-жөні және туыстары анықталып жатыр. Жалпы биыл теміржолда 3 оқыс оқиға тіркеліп, екі адам мерт болған деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Петропавл стансасы желілік полиция бөлімінің мәліметінше, теміржолда биылдыққа үш оқыс оқиға тіркелген.
Наурыз айында ер адамды пойыз соғып кетсе, Мамлюткада 1976 жылы туған әйел өзіне қол жұмсап, пойыз астына түскен.
«Теміржол облыс аумағында оннан астам елді мекенді басып өтеді. Оқыс жағдайлар негізінен осы ауылдардың маңында тіркеледі. Тұрғындар жолды қысқартпақ болып, белгіленбеген жерден өтпек болады. Арты қайғылы аяқталып жатады. Халықпен профилактикалық жұмыс үнемі жүргізіледі. Жолды қысқартып, уақытты үнемдеймін деп басты қатерге тікпеу қажеттігін ескертеміз. Рейдтер өткіземіз. Заң бойынша жазалаймыз. Теміржолды белгіленбеген жерден кесіп өтпек болғандар бірінші рет ескертіледі, кейін айыппұл салынады», - дейді Петропавл стансасы желілік полиция бөлімі әкімшілік полиция бөлімшесінің бастығы Абзал Рахиев.
Айыппұлдың мөлшері – 3 АЕК. Жыл басынан бері ҚР ӘҚБтК-ның 559- бабының 5-бөлігімен яғни, темір жол арқылы белгіленбеген жерден өткені үшін 633 адам әкімшілік жауапқа тартылды.
Былтыр СҚО-да теміржолда 6 адам мерт болды. Оның біреуі өзіне қол жұмсап, пойыз астына түскен екен. Бұған дейін пойыз соққан әжейдің туыстары іздестіріліп жатқанын айтқан едік. Бүгінде ауыр жарақат алған әйелдің аты-жөні нақтыланып жатыр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1917137-sqo-da-temirzolda-eki-adam-mert-bolyp-bireui-auyr-zaraqat-aldy/