20 млн теңгемен барған: Қарақшылар Қарағанды тұрғынын банк алдында тонамақ болды
Жарияланған күні:
Қарағанды қаласының полиция қызметкерлері жергілікті тұрғынды тонап кеткен күдіктілерді ұстады деп хабарлайды Polisia.kz.
Басылым мәліметінше, 30 маусым күні сағат 20:00 шамасында Қарағанды қалалық полиция басқармасы жедел басқару орталығына хабарлама келіп түскен.
Онда қаладағы банктердің бірінің алдындағы тұрақта екі белгісіз адам күш қолдану арқылы жергілікті тұрғынның 500 мың теңгесін алып кеткені айтылды.
Оқиға орнына Михайлов полиция бөлімінің, Қарағанды қаласы полиция басқармасының және Қарағанды облысы полиция департаментінің жедел-тергеу топтары жеткен.
Белгілі болғандай, 59 жастағы тұрғын азық-түлік тауарларын сататын сауда кәсіпорнында менеджер болып жұмыс істейді. Сол күні ол көтерме сауда ұйымынан жеткізілген өнім үшін 20 миллион теңге алып, ақшаны бас кеңсеге аудару үшін банкке барған.
Ер адам қаржы ұйымына кіре берісте көлігін қойып, одан түспек болған кезде екі жігіт жүгіріп келіп, ақша салынған пакетті жұлып алмақ болған.
Алайда ер адамның қатты қарсылық көрсетуімен олар пакетті жыртып, жерге түскен бума ақшаны ғана өздерімен алып кетіпті.
Шығын көлемі 500 мың теңгені құраған.
Бұл оқиға қатысты пікір білдірген ведомство өкілі ер адам полицияға оқиғадан үш сағат өткен соң ғана жүгінгенін мәлім етті.
"Оның айтуынша, ол алдымен қалған ақшаны бас кеңсеге жіберуді көздеген. Аталмыш уақыт ішінде күдіктілер қаладан кетіп үлгерді. Біз оларды Шығыс Қазақстан облысының аумағында анықтадық. Екі облыстың тәртіп сақшылары бірлесіп жұмыс істеп, үш күдіктіні ұстадық", – деді Қарағанды қаласы ПБ КПБ бастығы Ескендір Əубəкіров.
Күдіктілер – Қарағанды қаласының 22-28 жас аралығындағы тұрғындары.
Оларға қатысты сот “қамауда ұстау” түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады.
Сотқа дейінгі тергеу “Қарақшылық” бабы бойынша жүргізіліп жатыр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1921647-20-mln-tengemen-bargan-qaraqsylar-qaragandy-turgynyn-bank-aldynda-tonamaq-boldy/