Қостанай облысында екі жасар бала сегіз метрлік су ұңғымасына құлады (фото)
Жарияланған күні:
Қостанай облысында құтқарушылар су ұңғымасына құлап кеткен екі жасар балаға көмек көрсетті.
Оқыс жағдай туралы Солтүстік аймақтық аэромобильді жедел құтқару отрядының құтқарушылары "Костанайские новости" басылымына хабарлады.
Белгілі болғандай, 10 тамыз күні түстен кейін құтқарушыларға Садчиковка ауылында екі жасар бала су ұңғымасына құлап кеткені туралы хабар келіп түседі.
Бала 8 метрлік ұңғыманың 3,5 метр тереңдігінде кептеліп қалған. Оқиға орнына дереу жеткен құтқарушылар сәбидің тыныс алып жатқандығына көз жеткізген. Олар жедел түрде шұңқырға оттегін жіберіп, баланы шығарып алу мақсатында ұңғыманың жанынан тағы шұңқыр қазған. Құтқарушылар қолы ғана көрініп тұрған баланы арқанның көмегімен шығарып алды.
"Бала одан әрі құлап кетпеуі үшін арқаннан ілмек жасап, қармақтың көмегімен баланың қолына арқан байланды, ұңғыма тереңдігі де өлшенді. Сәби 3,5 метр тереңдіктегі ұңғымада болды. Баланың орналасқан жерінен төменірек деңгейде шұңқыр қазылып, балаға қарай жерді қаза бастады, арқан байланған шелекпен қазылған топырақты тазалай отырып, балаға жету мүмкіндігі туындады. Осылайша құтқарушылар баланы ұңғымадан жер бетіне алып шықты", - дейді Солтүстік аймақтық аэромобильді жедел құтқару отряды басшысының орынбасары Сергей Шмидт.
Баланың қазіргі жағдайы қандай екендігі әзірге белгісіз. Басылым тілшілері сәбидің жағдайы туралы сауалды денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне және төтенше жағдайлар департаментіне жолдады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1926583-qostanai-oblysynda-eki-zasar-bala-us-metrlik-su-ungymasyna-qulady-foto/