Қапшағайда полицейлер кафеде төбелес шығарды
Жарияланған күні:
Қапшағайда кафелердің бірінде полиция қызметкерлерінің қатысуымен төбелес болған. Бұл жайтқа қатысты Алматы облысының полиция департаменті пікір білдірді деп хабарлайы KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Жанжал бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Кейін видео әлеуметтік желіде жарияланған.
Кадрлардан бірнеше ер адамның бір-біріне жұдырық ала жүгіргені көрінеді. Жазба авторының мәліметінше, мас күйдегі Қапшағайдың үш полицейі ғимарат күзетшілерімен төбелесіп қалған.
"Кафенің жабылатынын айтып, соған байланысты тарауды өтінген кезде олар өздерін агрессивті ұстап, күзетшілерді көшеге шақырған. Сыртқа шыққан соң полицейлер қызметкерлерді себепсіз ұра бастаған. Патрульдік көлік келген кезде олардың бірі жүк салғыштан автомат шығарып, әріптестерінің көзінше қорқыта бастаған. Қазір күзетшілер арыз дайындап жатыр. Біз погондағы адамдарың одан әрі жұмыс істегенін қаламаймыз", - делінген желідегі жазбада.
Осы ретте Алматы облысының полиция департаменті кафеде болған жайтқа пікір білдірді. Ведомствоның хабарлауынша, аталған факті бойынша қызметтік тексеріс басталған.
"Кадр жұмысына жауапты басқарма өзіндік қауіпсіздік қызметінің қызметкерлерімен бірлесіп, аталған факті бойынша қызметтік тексеріс жүргізуде. Нәтижесінде тиісті шаралар қабылданатын болады. Кінәлілер анықталып, жауапқа тартылып, ішкі істер органдарынан шығарылуы мүмкін", - дейді Алматы облысы ПД баспасөз қызметі.
Сонымен бірге желідегі жазбада құқық қорғаушылардың аты-жөні, олардың элиталық бөлімшелердің бірі болып саналатын қылмыстық іздестіру бөлімінің қызметкері екені де көрсетілген.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1926840-qapsagaida-policeiler-kafede-tobeles-sygardy-video/