Тараз маңындағы жарылыстан жарақат алған өрт сөндіруші: Ешкім бұлай болады деп күтпеді
Жарияланған күні:
Жамбыл облысындағы жойқын жарылыстан жараланған өрт сөндірушілер мен құтқарушылар ауруханалардан шығып жатыр. Олардың кейбірі "Жетінші арнаның" "Студия 7" бағдарламасына сұхбат беріп, қорқынышты күнді еске алды.
Жарылыстан аман қалғандардың бірі - №2 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы Рустам Ертаев. Айтуынша, оның аяғы бірнеше жерден сынған, толық қалпына келуі үшін шамамен 4-5 ай қажет.
"Жағдайым орташа. Әзірге үйде емделемін, содан кейін көреміз. Жұмысымды тастаймын деп айта алмаймын. Жұмысым сондай. Құдай сақтады. Егер денсаулығым мүмкіндік берсе, әрине, жұмысты жалғастырамын. Дәрігерлер менің сауығып кететінімді айтты. Бірақ маған 4-5 ай уақыт керек. Олар менің аяғыма металл салды. Аяғымды осылай жинап берді. Біз жарылыс болады деп ойламадық. Бұлай болады деп ешкім күтпеді", - дейді өрт сөндіруші.
Тағы бір зардап шегуші Жангелді Райымберді болса, бүгінде жағдайы жақсарғанын айтады. Оның жарақаты айтарлықтай ауыр болмаған екен.
"Жарылыстан құлақ жарғағым жарылып кетті. Бүгінде ешқандай шағымым жоқ. Қызметімді одан әрі жалғастырамын. Өртті сөндіру - біздің міндетіміз. Жақындарынан айырылғандарға көңіл айтамын. Ауруханадан енді шықтым - оларға барып, көңіл айтқым келеді", - дейді ол.
Өрт сөндіруші Қанат Айтпаевтың қалпына келуі де бірнеше айға созылады.
"Құдайға шүкір, бәрі жақсы. Үйіме қайттым. Әрі қарай, жергілікті медициналық пунктте емделеміз. Маған құлақ жарғағым бір-екі айдан кейін қалпына келеді деп айтты. Қалпына келмей қалса, Алматыда ота жасайды. Осы мамандық бойынша жұмысымды жалғастыра беремін. Айтарлықтай қорқыныш жоқ. Мен болашақта абыроймен зейнеткерлікке шығуды армандаймын. Соңына дейін қызмет етуім керек", - дейді Қанат Айтпаев.
Өрт сөндірушінің әкесі оның таңдауын қолдайды, бірақ анасы баласына алаңдаумен отыр.
"Мен қарсымын. Ары қарай не болатыны белгісіз. Әрине, мен ұлым үшін қорқамын. Жалғыз ұлым. Бар үмітіміз сода, әрқашан дұға етеміз. Біз оның аман қалғанына қуаныштымыз. Оның балалары өсіп келеді. Олар әкесі үшін қатты уайымдап, жылады", - дейді Каракөз Мамырайымова.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1929985-taraz-manyndagy-zarylystan-zaraqat-algan-ort-sondirusi-eskim-bulai-bolady-dep-kutpedi/