Нұр-Сұлтанда оқушы қызға тиісті деген күдікпен ер адам ұсталды (видео)
Жарияланған күні:
Елорда тұрғындары жасөспірім қызға тиіскен ер адамға шағымданды. Қалалық полиция департаменті бұл жайтқа қатысты пікір білдірді деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Болған оқиға туралы kris.p.astana Instagram парақшасында хабарланды.
Жазба авторының сөзінше, бейтаныс ер адам кешкі уақытта қыз баланы белгісіз бағытқа қарай алып кетпек болған. Ал қыз бала көмек сұрай бастаған. Сол кезде ер адам қашып кеткен көрінеді.
Куәгерлердің айтуынша, содан кейін жергілікті тұрғындар оны қуып жетіп, полиция шақырып, тәртіп сақшылары келгенше ұстап тұрған.
Бұл фактіні Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаменті растап отыр.
Ведомствоның мәліметінше, 21 қыркүйек күні сағат 19:21-де Рысқұлбеков көшесінде ер адамның қыз балаға тиіскені туралы ақпарат түскен.
"Оқиға орнына тез арада полиция қызметкерлері жіберілді. Кешкі уақытта мектептен қайтып келе жатқан кәмелет жасына толмаған қызға мас күйдегі ер адамның жақындағаны анықталды.
Аталған факті бойынша 25 жастағы күдікті ұсталды. Медициналық тексерістен кейін оның орташа дәрежеде мас күйде болғаны анықталды. Ішкі істер органдарында есепте тұрмайды, бұған дейін қылмыстық жауапкершілікке тартылған.
Қазіргі уақытта тергеуге дейінгі тексеріс жүргізілуде, нәтижесі бойынша процессуалдық шешім қабылданады", - дейді Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметінен.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1933384-nur-sultanda-kuagerler-oqusyga-tiisken-er-adamdy-ustap-aldy-video/