Алматыда жеті жасар бала ойнап жүріп, өз үйінің моншасын өртеп жіберді
Жарияланған күні:
Алматыда ойнап жүрген бала абайсызда моншаны өртеп жіберді. Оқиға Әуезов ауданына қарасты жер үйлердің бірінде болды. 7 жасар жеткіншектің бұл әрекеті сіріңкенің бір шырпысын тұтатудан басталған деп хабарлайды Алматы телеарнасы.
Қызыл жалыннан зардап шеккендер жоқ.
Отанасының айтуынша, бала әуелі сырттан сіріңкені тауып алған. Тұтанған оттық отын жинаулы тұрған орынға тасталыпты. Ойында ештеңе жоқ балдырған ішке кіріп кеткен, артынша 3-4 минуттың ішінде моншаның шатыры мен маңындағы заттар өртеніп кеткен.
"2 жасар кішкентай қызым бар. Далаға шығу үшін үш баланы кезек-кезек киіндіріп жатқан едім. Сол уақытта балам сыртқа шығып кетті. Қайдан екенін білмеймін, әйтеуір сіріңке тауып алыпты. Есім шықты. Ешкім зардап шеккен жоқ, бастысы сол ғой", – дейді қала тұрғыны Малика Рашидинова.
Ал аудандық құтқару қызметі қоңырау түскен үйге жедел көмек көрсеткен.
"Үйдің ауласында өрт болып жатыр деп осы үйдің иелері хабарласты. Өрт баланың білмей істеген әрекетінен шыққан. Ешкім зардап шеккен жоқ, материал өзімізде қалды. Баланың ата-анасына өрт қауіпсіздігін түсіндіріп, қолхат алдық", – деді Әуезов аудандық төтенше жағдайлар департаментінің инженері Алмас Ілиясов.
Баланың абайсыздығы себеп болғанымен, бұл да өрт қаупін туындатқан аса маңызды мәселе. Сондықтан, төтеншеліктер от жағу маусымы басталған тұста қауіпсіздік ережесін қатаң сақтауды сұрап отыр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1935861-almatyda-zeti-zasar-bala-oinap-zurip-oz-uiinin-monsasyn-ortep-ziberdi/