"Екі баласы қараусыз қалып, көз жұмды": Алматылық әйел жаңа туған сәбиін тағы жалғыз қалдырған
Жарияланған күні:
Жаңа туған сәбиін пәтерінде қараусыз қалдырған алматылық әйел 5-ші рет ата-ана құқығынан айырылды деп хабарлайды Almaty.tv.
Телеарнаның хабарлауынша, жетімдер үйінде тәрбиеленген 29 жастағы келіншек ішімдікке әуес және балаларын жиі қараусыз қалдырып жатады.
Салдарынан екі баласы қайтыс болған келіншектің шырылдаған сәбиін көршілері құтқарып қалыпты. Тағы біршама уақыт өткенде баланың күйі қалай болары белгісіз еді деп ашынады жұрт.
Әйел тұрғын үйдің төртінші қабатында тұрады екен. Көршілерінің сөзінше, келіншек үйде балалары бола тұра, терезе-есікті ашық тастайды, шыңғырған баланың дауысы естіліп тұрады екен. Тіпті үйіне бөтелкелестерін ертіп әкеліп, білгенін істейді деп күйінді көршілері.
"Тағы да босанып келеді, жыл өтер-өтпес тағы босанып келеді. Бірақ мал екеш мал да төлін, торғай екеш торғай да балапанын қорғайды ғой. Ал ол өз балаларын қорғамайды. Тіпті, балаларына қарамайды да. Бір айлық балаға кәдімгі ботқаны езіп, аузына тығып береді. Үйінде не жылу, не жарық жоқ", – дейді көршісі Мақсат.
Балалардың жағдайына бей-жай қарай алмаған көршілерінің соңғы дабылынан кейін құқық қорғау мамандары баланы алып кетіпті. Бұған дейін әйелдің төрт баласы осындай жағдайда өмір сүріп жатқандықтан жетімдер үйіне тапсырылған. Тағы екі баласы жастай шетінеп кетіпті.
"Бір баласы суықтан жаурап қалды деп естігенбіз. Ал бір баласы осы пәтердің ішінде қайтыс болып кетті. Өйткені бірге тұратын бір еркекпен қалдырып кеткен де, кетіп қалған. 2-3 сағат баламен отырған еркек те артынша шығып кеткен. Баласын үш күннен кейін тапты. Бірақ "диваннан құлап, мойнын сындырып алды" деп айтты", – дейді көршісі Әсел.
Келіншектің өзі болса, "көршілерім мені әдейі балаларымнан айыруды қалайды" дейді. Ол ата-ана құқығын қайтарып, балаларына қарауға, қайтадан жаңа өмір бастауға ниетті.
"Мен баланы бар болғаны 2 минутқа ғана жалғыз қалдырып кеттім. Баламды бұлай ешқашан тастамаймын. Мен күйеуімнің демікпесі болғандықтан, соны уайымдап сыртқа шығып кетіп едім. Ол кезде бала ұйықтап жатқан", – дейді келіншек.
Ал мамандар болса, әйелдің сөздеріне сену қиын екенін жасырмай отыр.
"Мен сөйтемін, мен бүйтемін, облысқа барамын, үй аламын дейді. "Жарайды, біз де саған көмектесеміз" дедік. Бірақ ондай жағдай болған жоқ. Есігі өмірі осылай ашық тұрады", – деді Алатау аудандық Қорғаншылық және қамқоршылық бөлімінің бас маманы Назым Тұяқбаева.
"Бұл жағдайға қатысты Алатау ауданы әкімінің орынбасары бастаған мамандармен арнайы комиссия құрылды. Баланы алуға келгенде келіншек есікті ашпады. Сондықтан құтқару қызметін шақырып, есікті бұзып аштық. Қазір тағы да ата-ана құқығынан айыру туралы құжаттар әзірленіп жатыр", – деді Алматы қалалық Полиция департаментінің өкілі Евгений Лысенко.
Қазір нәресте қаладағы №2 балалар ауруханасына жатқызылған. Дәрігерлердің мәліметінше, баланың жағдайы тәуір, өміріне еш қауіп төніп тұрған жоқ.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1936037-eki-balasy-qarausyz-qalyp-koz-zumgan-almatylyq-aiel-zana-tugan-sabiin-tagy-zalgyz-qaldyryp-ketken/