"Ұрып-соғып, аяқ-қолын байлаған": Алматы маңында 4 адам анасы мен баласына шабуыл жасады
Жарияланған күні:
Оңтүстік астана маңында қарулы адамдар баласы бар келіншекке шабуыл жасады. Құқыққорғаушылар төрт күдіктіні ұстап, атыс қаруын тәркіледі, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Алматы облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.
Ведомство дерегінше, 27 қазан күні Іле аудандық полицейлеріне Көкқайнар ауылының 32 жастағы тұрғыны жүгініп, өзі мен кішкентай баласына бірнеше азамат шабуыл жасағанын айтқан.
Олар үйге баса-көктеп кіріп, келіншекті ұрып, қарумен қоқан-лоқы көрсету арқылы үйдегі зергерлік бұйымдарды ұрлап кеткен. Арызда қарулы адамдардың медициналық маска тағып жүргені көрсетілген.
Үй иесі қарақшыларға қарсылық танытқысы келген. Алайда, олар келіншекті ұрып-соғып, қол-аяғын байлап тастаған.
Қылмыскерлер қомақты сомадағы зергерлік бұйымдарды тонаған. Қазіргі уақытта келтірілген залал сомасы анықталып жатыр.
Біздің қызметкерлер қысқа мерзімде 4 күдіктіні анықтап, ұстады. Олардың үшеуі бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Заттай дәлелдемелер ретінде іс материалдарына ұрланған алтын бұйымдар, сондай-ақ 16 калибрлі аңшылық мылтық алынды", - деді Алматы облыстық ПД баспасөз қызметі.
Ұсталғандар - 35 жастан 53 жасқа дейінгі азаматтар. Олардың үшеуі алматылық, ал төртіншісі қала маңында тұрады. Тергеу жұмыстары Қылмыстық кодекстің 192-бабы 3-бөлігі бойынша жүргізіліп жатыр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1939970-uryp-sogyp-ayaq-qolyn-bailagan-almaty-manynda-4-tort-adam-anasy-men-balasyna-sabuyl-zasady/