Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтауда сарбазды сегіз күн бойы казармаға қамап, құлағын тесіп қорлағаны рас па

Жарияланған күні:

Көрнекі
Көрнекі фото: pexels.com

Қызылорда облысы Арал ауданының тұрғындары әскерге сап-сау кеткен ұлының үйіне ауру болып келгеніне ашулы. Отан алдындағы борышын өтеуге кеткен 19 жастағы жігіт қазір жақындарын мүлдем танымайды деп хабарлайды Астана телеарнасы.

Телеарна мәліметінше, есінен адасқан сарбаз қойылған сұрақтарға жауап бере алмайтын халге жеткен.

Тіпті, өз әкесіне де қол көтеріп жүрген көрінеді.

Ашынған ата-ана мұның бәріне әскери қызметкерлер кінәлі деп отыр.

Әскерден оралғанына бірнеше күн болған Ренат Жеткергеновтің отбасынан тыныштық кеткен.

Күндіз-түні айқайлап, жақындарының мазасын алады екен.

19 жастағы сарбаз Ақтау қаласындағы Теңіз жаяу әскерлері бөлімінде борышын өтеген.

Мерзімінің аяқталуына 8 күн қалғанда, "сәл ауырыңқырап" қалды деген сылтаумен үйіне қайтырыпты.

Ренатты күтіп алған ата-анасы ұлдарының түрін көріп жағаларын ұстапты.

Олардың сөзінше, үстіндегі киімі шұрық-тесік, аяғында жаздық тәпішке болған.

Отан алдындағы борышын өтеп емес, құдды құлдықта жүргендей оралды, дейді ағасы.

Күдіктенген туыстары баланы аурухаға барып тексерткен.

Медицина қызметкерлері жас жігіттің басынан соққы алғанын айтқан.

Сарбаздың өзі ағасына үйге келгенде әскери шенділердің қалай қорлағанын сөз етіпті.

Қайтарынан 8 күн бұрын 4 қызметкер ұрып-соғып, құлағын тесіп әбден қинапты.

"Көке, мені төрт сержантым басқа казармаға алып кетіп, сол жерде әбден қорлады" деді. Құлағын инемен тесіп "мен сені қыз қыламын" деп балаға зорлық-зомбылық көрсеткен. Құлағында жарақаты тұр", - дейді сарбаздың ағасы Бахтияр Нағашыбаев.

Ал қорғаныс министрлігінің өкілі бұны жоққа шығарды. Олар Ренат әскер қатарына қабылданғанда денсаулығы жақсы болғанын, әскерде де оған ешкім тиіспегенін мәлімдеді.  

"Тәжірибелі командирлер, тәрбиешілер мен сержанттар сарбазға әскери қызметті өткеру уақытында қолдау көрсеткен. Сонымен бірге, қатардағы жауынгер Ренат Жеткергенов қызмет өткерген кезінде денсаулығына және басқа да шағым жасамаған", - дейді қорғаныс министрлігінің офицері, майор Ғани Нүсіпов.

Дегенмен, казармада не жағдай болғаны белгісіз, дейді басылым тілшісі. Ренаттың да жағдайды түсіндіруге шамасы жоқ. Ал сарбаздың ет жақындары айыптыларды тауып, әділ жаза беруді талап етпек.  

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1940421-aqtauda-sarbazdy-segiz-kun-boiy-kazarmaga-qamap-qulagyn-tesip-qorlagany-ras-pa/