"Метеорит болуы мүмкін": ШҚО тұрғынының ауласына белгісіз зат құлап, терең шұңқыр пайда болған (видео)
Жарияланған күні:
Шығыс Қазақстан облысында белгісіз зат құлап, терең шұңқыр пайда болған. Артынша сол жерден түтін будақтаған. Мамандар "тылсым" күштің сырын аша алмай отыр, деп хабарлайды Азаттық рухы.
Оқиға Тарбағатай ауданы Ақжар ауылында болған.
Үй иесінің сөзінше, 23 қазан күні кешке қатты дүрсіл естілген. Таңертең аулаға шыққанда бұрын-соңды болмаған шұңқырды көріп таң қалыпты.
"Сол күні үйде жалғыз болдым. Кешкісін малды жайғастырып, үйде теледидар көріп жатқанмын. Кенет гүрс еткен қатты дауыс естіліп, жер сілкінгендей болды. Темір құбырлар салдыр ете түсті. Сыртқа шығуға жүрексіндім. Көршім бір нәрсе түсіріп жатқан болар деп мән берген жоқпын.
Ертеңгісін таңертең құдықтан су шығарайын деп барсам, құдық жанынан 10 метрдей жерде шұнқырды байқадым. Ішінен ақ ұнтақ тәрізді бу шығып жатты. Өз ойым – метеорит сияқты. Бетін жауып, бірден әкімшіліктен, төтенше жағдайлар бөлімінен мамандар шақырттым.
Ол кісілер келіп көріп, сынама алуға кісі жібереміз деп кетті. Содан бері біршама уақыт өтті, ешкім келген жоқ" , - дейді Ақжар ауылының тұрғыны Мәуіт Ебикешов.
Кенеттен пайда болған шұңқырды төтенше жағдайлар қызметінің мамандары келіп көрген. Шұңқырдың тереңдігі белгісіз және тереңдеген сайын жіңішкелене беретін көрінеді. Әзірге оның қалай, неден пайда болғаны белгісіз.
"Шұңқырдың неден пайда болғаны белгісіз. Тереңдігі шамамен 2,5 метр, бұл әлі нақты емес. Шұңқырдың қолмен қазылмағаны белгілі. Біз оның қайдан пайда болғанын және үй иелеріне зияны бар-жоғын дөп басып айта алмаймыз. Өйткені арнайы мамандардың зерттеу нәтижесі керек", - дейді Тарбағатай аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Талант Талапбеков.
Бұған қатысты Ақжар ауылының әкімі Дауітбек Ниязбеков пікір білдірді.
"Бізге хабар келіп түскенде мамандармен оқиға орнына бірден бардық. Үй иесінен барлық мән-жайды сұрастырып, оқиғамен таныстық. Бұл мәселе бойынша аудан әкіміне, төтенше жағдайлар бөліміне хат жібердік. Бүгінгі таңда бізге кері жауап хат жіберіпті. Онда біз өз арамызда осыған жауапты мамандармен бірге комиссия құрып, зерттеу жүргізуіміз керек деп жазылған. Енді алдағы уақытта жедел комиссия құрып, сынама алып, зерттеуге жібереміз", - дейді Ақжар ауылының әкімі Дауітбек Ниязбеков.
Ал, Ақжар тұрғыны Мәуіт Ебикешов өзі мен отбасы мүшелерінің денсаулығына алаңдайды. Ол құлаған заттың не екенін білмегендіктен, одан зиянды қалдықтар бөліне ме деп қорқып отыр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1941280-meteorit-boluy-mumkin-sqo-turgynynyn-aulasyna-belgisiz-zat-qulap-teren-sunqyr-paida-bolgan-video/