Ақмола облысында газ баллоны жарылып үш адам ажал құшты, тағы 10 адам ауруханаға түсті
Жарияланған күні:
Ақмола облысында газ баллоны жарылып, үш адам ажал құшты, тағы 10 адам ауруханаға жеткізілді деп хабарлайды, ТЖМ баспасөз қызметі.
ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәлидің мәліметінше, қайғылы жағдай 16 қарашада Ақмола облысының Шортанды кентіндегі Линейная көшесінде болған.
"Сағат 21:38-де Шортанды кентінің №18 байланыс пунктіне полиция бөлімінің кезекшісінен газ баллонның жарылғандығы туралы хабарлама түсті. Өртті сөндіруге ТЖД 35 қызметкері мен 7 техникасы, "Жер Ана" ЖШС МЕӨҚҚ-ның 4 қызметкері мен 1 техникасы жұмылдырылды. Барақ үлгісіндегі пәтерде өрт шығып, шатырын толықтай жалын шарпыған. Өрттің аумағы шамамен 350 шаршы метрді құрады. Өрт сағат 22-35-те ауыздықталып, сағат 23:55-те толық сөндірілді", - дейді ол.
Талғат Уәлидің айтуынша, оқиға орнынан 3 адамның денесі табылған. Тағы 10 адам түрлі дене жарақаттармен аудандық орталық ауруханаға жеткізілген.
Қазір оқиға орнында аталған жайттың мән-жайы мен себептерін анықтау үшін Ақмола облысының жедел-тергеу тобы және зерттеу-өрт зертханасы жұмыс істеуде.
Осы орайда төтенше жағдайлар министрлігі ел тұрғындарын тұрмыстық газ баллонын қолдануда өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақырады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1942551-aqmola-oblysynda-gaz-ballony-zarylyp-us-adam-azal-qusty-tagy-10-adam-auruxanaga-zetkizilgen/