Қорғаныс министрлігі қайтыс болған сарбаздың денесі неліктен көгеріп қалғанын түсіндірді
Жарияланған күні:
Қорғаныс министрлігі арнайы брифингте Гвардейск әскери қалашығында көз жұмған сарбаз Әлібек Қалбайдың өліміне қатысты журналистердің сауалына жауап берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Брифинг барысында Қарулы күштері бас штабы бастығының орынбасары генерал-майор Серік Борамбаев қатардағы жауынгер Әлібек Қалбайдың өліміне байланысты ата-анасы мен жақын туыстарына қайғыра көңіл айтатынын жеткізді.
"Өкінішке қарай, осы жылдың 22 сәуірінде Гвардейск әскери қалашығында орналасқан әскери госпиталінде әскер қатарына жаңадан шақырылған қатардағы жауынгер Әлібек Қалбай қайтыс болды. Жеке құрам сапта тұрған кезде ол өзін нашар сезініп, есінен танып қалған. Медицина қызметкерлерінің жасаған амалдарына қарамастан, жас сарбаздың өміріне араша түсу мүмкін болмады. Біз ұлын жоғалтқан туған-туысқандары мен жақындарына, соның ішінде ата-анасына қайғырып көңіл айтамыз", - деді Серік Борамбаев.
Сонымен қатар, министрлік өкілі қатардағы жауынгердің қаза болуына себеп болған мән-жайды қоғам білуі қажет деп санайды. Бас штаб бастығының орынбасары осы іс бойынша арнайы құрылған жедел-тергеу тобы қылмыстық іс болған аумақта орын алған барлық жағдай толық қарастырылатынына уәде берді. Сәйкесінше, қажетті экспертизалар алынған.
Министрлік өкілі марқұмның денесіндегі тері қабатының өзгерісі неден болғанын түсіндірді.
"Оқиға орнын қарау барысында құқық қорғау органдарының ресми қорытындысы бойынша, сондай-ақ мәйітке жасалған сот-медициналық сараптамаға сай, қаза болғанға дейін мәйіттен жарақаттар мен тері қабатының көгеруі анықталмағанын айта кеткен жөн. Қазіргі уақыттағы тері қабатының өзгеруі сот-медициналық сараптауды жүргізумен және қайтыс болғаннан кейінгі биологиялық процеспен байланысты", - дейді министрлік өкілі.
Серік Борамбаев тергеудің объективті жүргізілуіне министрлік те мүдделі екенін алға тартады.
"Себебі барлық сатыдағы командирлер өзінің қоластындағы әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулығына ата-аналар мен мемлекет алдында тек заң аумағында ғана емес, сонымен қатар моральді тұрғыда жауапты.
Қорғаныс министрлігінің басшылығы ештеңені жасырып қалмайды, сарбаздың ата-анасы мен жақындары оқиғадан кейін дереу әскери бөлімге барып, олардың ұлы қызмет атқарған бөлімшедегі тұрмыстық жағдаймен танысты және жағдайды өз көзімен көрді", - деді ол.
Серік Борамбаев Әлібек Қалбайдың қазасына байланысты көпшілік білуі тиіс бірнеше жайтты атап өтті.
"Біріншіден, Әлібек Қалбай 30212 әскери бөліміне 18 сәуірде қызмет атқаруға келген. Ол жерден сарбаздар әскери мамандықты игеріп және әскери шеберліктен алғашқы білім алып, 6 ай өткеннен кейін Қарулы Күштердің басқа құрамалары мен бөлімдеріне бөлінеді.
Оқу орталығындағы қызмет "бір шақырылымның" сарбаздары принципі бойынша құралған, яғни бір шақырылымның сарбаздарын оқытып және әскерге жібермей, басқа сарбаздарды әскерге шақырмайды.
Екіншіден, Қорғаныс министрі қаза болған сарбаздың мәйітін ата-анасының тұрғылықты жері Маңғыстау облысына оның командирлері жеткізсін деген шешім қабылдады.
Үшіншіден, әскери қызметшінің қаза болуы ісі бойынша тергеуді Ішкі істер министрлігінің әскери-тергеу органдары жүргізіп жатыр, олар Қорғаныс министрлігіне есеп бермейді. Бұл "тексерістің әділ және неғұрлым объективті" жүргізілуі үшін жасалған.
Төртіншіден, бұл жағдайды тексеріп, егер анықталса кінәлілерді тауып және оларды жауапкершілікке тарту біз үшін абырой болар еді.
Егер қандай да бір заңға қайшы әрекеттер расталатын болса, онда кінәлі адамдар ғана емес, сонымен қатар осы жағдайға жол берген командирлер де жауапкершілікке тартылатынын атап өткім келеді", - деді генерал-майор.
Министрлік өкілі тексерістің барысы туралы толық ақпарат беріп отыратынын жеткізді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1966656-qorganys-ministri-qaitys-bolgan-sarbazdyn-denesi-nelikten-kogerip-qalganyn-tusindirdi/