Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Төрт бала тірі жетім қалды": Жетісайда өз әйелін өлтірді деген күдікпен ер адам ұсталды

Жарияланған күні:

Тұрмыстық зорлық-зомбылық
Көрнекі фото: pexels.com

Жетісайда әйелінің өліміне күдікті ретінде ер адам ұсталып, қамауға алынды. Небәрі 30 жастағы келіншек осыдан 15 күн бұрын ес-түзсіз күйде ауруханаға түскен. Бір аптадан соң келіншек есін жимастан көз жұмды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Журналист Гүлмира Әбіқай Instagram желісінде оқырмандарынан келген хаттарға сүйеніп, болған жайттың мән-жайын жазған. БАҚ өкілінің мәліметінше, жантүршігерлік оқиға балаларының көзінше болған.

"Төрт бала тірі жетім қалды. Әйелдің жасы 30-да екен. Төрт баланың кішісіне 6-ақ ай. Марқұмның сынбаған сүйегі, езілмеген органы жоқ. Өлімші қылып ұрып-тепкеннен әйел ес-түссіз ауруханаға түсті де, бір апта бойы комадан шықпай көз жұмды.

Өте өкінішті… Екі ай бұрын дәл осылай Ордабасыда орын алған Үкілай трагедиясы еш сабақ болмаса керек?!", - дейді журналист.

Бұл жайтқа қатысты Түркістан облыстық ПД баспасөз қызметі KAZ.NUR.KZ тілшісіне ресми пікір білдірді. Полицияның мәліметінше, 11 маусымда Жетісай аудандық полиция бөліміне жедел жәрдем қызметінен хабарлама түскен. Медицина қызметі полицияға жас әйелдің соққыдан түрлі дене жарақатын алып, ес-түзсіз күйде жансақтау бөліміне жатқызылғанын жеткізген.

"Ақпарат алысымен оқиға орнына жедел-тергеу тобы жеткен. Полицейлер аталған жайтты дәл сол күні Қылмыстық кодекстің 106-бабы 1-бөлігі бойынша тіркеуге алған. Күдікке әйелдің күйеуі іліккен, ол 14 маусымда ұсталып, қамауға алынған.

Ал жәбірленуші әйел ауруханада бір апта есін білмей, 22 маусымда қайтыс болған. Осыған байланысты қылмыстық істің санаты Қылмыстық кодекстің 106-бабы 3-бөлігіне "Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру" бойынша сараланған. Қазіргі таңда қылмыстық іс бойынша қажетті сараптамалар тағайындалды. Тергеу амалдары жүргізілуде", - делінген ведомсто берген ресми хабарламада.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1975714-tort-bala-tiri-zetim-qaldy-zetisaida-oz-aielin-oltirdi-degen-kudikpen-er-adam-ustaldy/