Атырауда вахташылар автобусы апатқа ұшырады: 10 адам зардап шекті (фото)
Жарияланған күні:
Атырауда вахташылар автобусы апатқа ұшырап, салдарынан 10 адам зардап шеккен. Жол-көлік оқиғасы кеше, 3 маусым күні Доссор-Құлсары-Бейнеу тас жолында орын алған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
"HIGER" вахташылар автобусы Toyota Camry автокөлігіне соқтығысқан. Салдарынан “Gate” компаниясының қызметтік автобусы аударылған.
"Жол-көлік оқиғасы Доссор-Құлсары-Бейнеу тас жолының 105 шақырымында орын алған. Жараланғандар облыстық ауруханаға жеткізілді. Алты адамға шұғыл медициналық көмек қажет болды", - деп хабарлады Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Облыстық ауруханаға әр түрлі деңгейдегі жарақатпен он адам жеткізілген. Олардың барлығы да аталған компания жұмысшылары.
"Иығы сынған бір адам операцияға жатқызылды. Бес адам жеңіл жарақат алған, олар ауруханада ем алуда. Қалған төрт адам амбулаториялық жағдайда емделуде. Жолаушылар бассүйек-ми жарақатын алған, сондай-ақ кейбіреуінің кеуде қуысы зақымданып, жамбасы сынған. Қазіргі кезде барлығы да ем алуда", - дейді ведомствоның баспасөз қызметі.
Полиция департаментінің мәлімдеуінше, жол апаты бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Айта кетейік, жыл басынан бері Атырау облысында 800 жол-көлік оқиғасы орын алған. Апаттардан 40 адам қаза тауып, 189 адам әр түрлі жарақат алған. Былтырғы жылмен салыстырғанда жол апаты 21,4%-ға артып, қаза болғандардың саны 60 пайызға өскен.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1976842-atyrauda-vaxtasylar-avtobusy-apatqa-usyrady-10-adam-zardap-sekti-foto/