Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Оралда футбол алаңында қақпа басып қалған 11 жастағы бала мерт болды

Жарияланған күні:

футбол қақпасы
Көрнекі фото: pixabay.com

Оралда спорт алаңындағы бекітілмеген футбол қақпасы баланы басып қалды. Алған жарақаттан жеткіншек ауруханада көз жұмды. Қайғылы оқиға 27 шілде күні кешкі сағат 21:00 шамасында болған, деп хабарлайды "Мой город" басылымына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ тілшісі.

11 жастағы Нұрамир Сапарбековтың әжесінің айтуынша, сол күні кешке немересі достарымен футбол алаңына барып ойнауға сұранған. 15 минуттан кейін ойын алаңындағы балалар пәтердің домофонына хабарласып, болған жағдайды жеткізген.

"Бәріміз сол жерге қарай жүгірдік, қан көп кеткен екен. Жедел жәрдемді күткен уақытымыз ұзаққа созылғандай көрінді. Дәрігерлер келгенде немерем ес-түссіз жатты. Олар алғашқы медициналық көмек көрсетті. Ал ауруханада бізге Нұрамирдің қайтыс болғанын хабарлады", - дейді Ғалия Есеналиева.

Жеткіншектің әжесінің сөзінше, футбол қақпасы металл тірекке дәнекерленбеген немесе қандай да бір жолмен бекітілмеген. Мамандар 28 шілдеде алаңдағы екінші қақпаны дәнекерлеп, баланың үстіне құлағанын алып кеткен.

Сондай-ақ, оның айтуынша, ауладағы барлық бейнекамералар жұмыс істемейді.

Нұрамирдің ағасы Ерлан Есеналиев басылымға болған оқиғаға әлі де сенгісі келмейтінін жеткізген.

"Ол оқу озаты болатын. Спортпен шұғылданды, төрт жыл бокспен айналысты. Мен оған вахтадан келген соң каска сатып аламын деп уәде беріп едім, бірақ үлгермедім. Нұрамирдің қарындасы мен бір жастағы бауыры бар. Жауапкершілігі мол еді, әдебіне бәрі тамсанатын. Өмірінің соңғы күні бір баланың туған күніне барған, көңілді жүрді. Кешкұрым үйге келіп, ата-анасынан ойын алаңына сұранды", - дейді ол.

Басылымның хабарлауынша, қазіргі таңда бала мерт болған жерге гүл шоқтары мен жұмсақ ойыншықтар әкелініп жатыр.

БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі бұл жайтқа қатысты пікір білдірген.

"Бала бас миынан ашық жарақат алған. Ол 22:10-да қалалық көп бейінді ауруханаға жеткізілді. Жағдайы ауыр деп бағаланды. Дәрігерлердің көмегіне қарамастан ол алған жарақатынан жарты сағат ішінде қайтыс болды", - деп түсіндірді ведомстводан.

БҚО полиция департаментінің мәліметінше, бұл жайт жазатайым оқиға ретінде тіркелген. Баланың денесі сот-медициналық сараптамаға жіберілді. Сондай-ақ Орал қаласының әкімдігі бұл спорт алаңы кімге тиесілі екенін хабарлауға уәде берген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1980970-oralda-futbol-alanynda-qaqpa-basyp-qalgan-11-zastagy-bala-mert-boldy/