Қарағанды облысында жол апатынан ерлі-зайыпты үш баласымен бірге қаза тапты (фото, видео)
Жарияланған күні:
Кеше түнде Қарағанды облысындағы тас жолда жол-көлік оқиғасынан бір отбасының мүшелері қаза тапты. Бір бала ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Ішкі істер министрлігінің ресми Telegram арнасы.
Ведомство порталының хабарлауынша, 26 тамыз күні сағат шамамен 23.30-да "Балқаш-Приозерск" тас жолының Гүлшат ауылына 23 шақырым жерде "Опель Вектра" көлігінің 35 жастағы жүргізушісі жөндеу жүріп жатқан жабық жолда (ескерту жол белгілері бар) 25 жастағы азаматтың басқаруындағы "Хово" көлігімен бетпе-бет соқтығысқан.
"Жол-көлік оқиғасы салдарынан "Опель Вектра " көлігінің жүргізушісі, оның 35 жастағы жолаушысы (жұбайы), олардың кәмелетке толмаған үш баласы оқиға орнында қайтыс болды, бір бала медициналық мекемеге жеткізілді", - делінген хабарламада.
Басылым мәліметінше, аталған факті полицияда тіркелген. Тиісті сараптама қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады.
Еске сала кетейік, бұған дейін Шымкентте жол апатынан әйел қайтыс болып, үш баласы дене жарақатын алғаны туралы хабарлаған едік.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1985096-qaragandy-oblysynda-zol-apatynan-erli-zaiyptylar-us-balasymen-birge-qaza-tapty-foto-video/