"Тұншықтыра бастады": Ақтөбеде дүкеннен қайтып келе жатқан әйелге белгісіз біреу шабуыл жасаған
Жарияланған күні:
13 қараша күні кешкі сағат сегіздер шамасында дүкеннен үйіне қайтып келе жатқан Ақтөбе қаласының тұрғынына белгісіз біреу шабуыл жасаған. Оқиғаға қатысты облыстық полиция департаменті пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Диапазон-ға сілтеме жасап.
Әйелдің басылымға берген мәліметінше, ол үйіне қайтып келе жатқан сәтте артынан біреу келе жатқанын естіп, тоқтап, оны өткізіп жібермек болған. Бірақ бейтаныс адам одан сағат қанша екенін сұрап, сонда да соңынан ере берген.
"Екі қабатты ғимараттың жанындағы қараңғы бұрылысқа жете бергенімде, соңымдағы адам жүрісін жылдамдатқанын сездім. Бір кезде ол маған шабуыл жасап, тұншықтыра бастады. Мен айқайлап жібергім келді, бірақ ол аузымды қолымен жауып, арқама пышақ тақап тұрып: "Тыпырлама, әйтпесе пышақтаймын" деді. Ер адам менен ақша талап етті, мен шошығаннан ештеңе жоқ екенін айттым. Үйімді көріп тұрмын, бірақ жете алмадым. Үйде үш балам күтіп отырған еді", - дейді сол күнді еске алған ақтөбелік әйел.
Жәбірленушінің сөзінше, бір кезде ер адам оны итеріп жіберіп, қаша жөнелген. Ал оның артынан екі полицей қуған. Тәртіп сақшылары оны ұстап, қамауға алған.
Күдіктіні учаскелік полиция қызметкерлері Арман Мүсенов пен Қайсар Ізбанов ұстаған. Әйел оларға өзін құтқарғаны үшін алғыс айтқан.
Басылымның хабарлауынша, Ақтөбе облыстық полиция департаменті күдіктінің уақытша ұстау изоляторына қамалғанын, бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын мәлім еткен.
"Қылмыстық іс "Қарақшылық" бабы бойынша қозғалды. Басшылық аталған полиция қызметкерлерін міндетті түрде марапаттайды", - дейді құзырлы органның баспасөз қызметі.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1997597-tunsyqtyrdy-auzymdy-zapty-aqtobede-dukennen-qaityp-kele-zatqan-aielge-belgisiz-bireu-sabuyl-zasagan/