Қарағандыда көппәтерлі үйде газ баллоны жарылып, екі адам зардап шекті (фото)
Жарияланған күні:
Қарағандыда екі қабатты үйлердің бірінде газ баллоны жарылып, екі адам зардап шекті, деп хабарлайды ТЖМ ресми сайты.
Ведомствоның хабарлауынша, газ баллоны 21 қаңтар күні сағат 18:51-де Қарағанды қаласы, Щорса көшесі, 37 мекенжайындағы 2 қабатты тұрғын үйде болған.
Алдын ала мәлімет бойынша газ баллоны екінші қабаттағы пәтерлердің бірінде жарылған.
Өңірлік ТЖД ұсынған мәліметтерге сай, жарылыс салдарынан екінші және бірінші қабаттағы бірнеше пәтерде, шамамен 36 шаршы метр аумақта ағаш төбесі мен қалқалар опырылған.
"Оқиға салдарынан 1970 жылы туған ер адам мен 1971 жылы туған әйел адам дене жарақатын алып, күйік шалып Қарағанды қаласының облыстық медициналық орталығына жатқызылды. Оқиға орнына ТЖД күштері жұмылдырылған", - деп жазылған хабарламада.
Қазіргі таңда үй уақытша жылу жүйесінен ажыратылған. Оқиға орнына қала әкімі Мейрам Кожухов келген.
"Подъезд тұрғындары үшін жатақханадан орындар берілді. Оқиға себептері анықталып жатыр", - деді қала әкімі.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2006272-qaragandyda-koppaterli-uide-gaz-ballony-zarylyp-eki-adam-zardap-sekti-foto/