Ақтөбе облысында локомотив пен жолаушылар пойызы соқтығысты
Жарияланған күні:
Бүгін, 5 наурызда Ақтөбе облысы Шалқар ауданы Бершүгір темір жол станциясында алдын ала мәлімет бойынша жолаушылар пойызы мен локомотив соқтығысты. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігі Telegram арнасында хабарлады.
ТЖМ мәліметінше, 5 наурыз күні сағат 10.30-да Ақтөбе облысы Шалқар ауданы Бершүгір темір жол станциясында алдын ала мәліметтер бойынша маневрлік локомотивпен бүйірлік соқтығысу салдарынан "Бішкек-Самара" қатынасымен жүретін № 317 жолаушылар пойызының тепловозы, № 1 вагоны және № 2 жолаушылар пойызының үш доңғалақты жұбы рельстен шығып кеткен.
Оқиға орнына "Қазавиақұтқару" тікұшағы ұшып шығып, құтқару бөлімшелері жіберілген және ҚТЖ қалпына келтіру поезды жөнелтілген.
"Қолда бар ақпаратқа сәйкес пойызда 200-ден астам адам болған (Қырғызстан, РФ және Қазақстан азаматтары, ҚТЖ қызметкерлері). Ауруханаға жатқызудың қажеті болған жоқ, қазіргі уақытта жолаушылар пойыздың басқа вагондарына орналастырылды", - делінген хабарламада.
Осы орайда ведомство ТЖМ және өңірлік ТЖД жедел штабтар құрылғанын мәлімдеді. Ал оқиғаның себебін анықтаумен құзыретті органдар айналысатын болады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2011794-aqtobe-oblysynda-zolausylar-poiyzy-men-lokomotiv-soqtygysty/