Ақтөбе облысында жол апатынан екінші оқушы көз жұмды
Жарияланған күні:
Ақтөбе облысында Шалқар-Бозой тас жолында болған жол апатынан тағы бір мектеп оқушысы көз жұмды. Оқыс оқиғадан кейін 16 жастағы қыздың жағдайы өте ауыр болған, деп хабарлайды "Мой город" порталына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Еске салайық, жол апаты 4 наурыз күні Ақтөбе облысындағы Шалқар-Бозой тас жолының 4 шақырымында болған еді.
Мектеп оқушысы тізгіндеген Toyota Land Cruiser көлігі аударылып, салдарынан бір жасөспірім қыз оқиға орнында көз жұмып, 15-16 жастағы тағы төрт жасөспірім ауруханаға жеткізілген болатын.
Ақтөбе облысы әкімдігінің басылымға берген мәліметінше, екінші жасөспірім қыз комада жатып, 5 наурыз күні кеште қайтыс болған. Оған ашық ми жарақаты, миға қан құйылу, мидың ісінуі, бас сүйектің сынуы деген диагноз қойылған.
Қалған үш оқушының бірі амбулаторлық ем алу үшін үйіне қайтарылса, қалған екеуі Ақтөбедегі облыстық балалар ауруханасында ем алуда.
Полицияның мәліметінше, жол апатына ұшыраған көлікті тізгіндеген жасөспірім ағасының жол талғамайтын көлігін рұқсатсыз алып кеткен.
Қазіргі таңда аталған факті бойынша қылмыстық кодекстің 345-бабы 3-бөлігі ("Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы") бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2011827-aqtobe-oblysynda-zol-apatynan-ekinsi-oqusy-koz-zumdy/