Теміртауда пәтерде жарылыс болып, 7 адам ауруханаға түсті
Жарияланған күні:
Теміртауда 6-шағын аудандағы 5 қабатты тұрғын үйде жарылыс болып, өрт шықты. Оқыс оқиғадан 7 адам зардап шекті, оның ішінде 5 бала бар, деп хабарлайды Қарағанды облыстық ТЖД Instagram-дағы ресми парақшасында.
Ведомствоның хабарлауынша, бүгін, 13 наурызда сағат 13:56-да Теміртау қаласындағы көпқабатты үйдегі пәтерден өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түскен.
Белгілі болғандай, 6-шы шағын аудандағы бес қабатты тұрғын үйдің 3-қабатында орналасқан пәтерде газ-ауа қоспасы тұтанып, кейіннен өрт шыққан.
Өртті ТЖД күштері сағат 14:19-да сөндірген. Өрттің жалпы ауданы 6 шаршы метрді құраған. Сондай-ақ оқыс оқиға кезінде пәтерде болған 7 адамды (бесеуі бала) әр түрлі дәрежеде күйік шалған және олар улы газбен уланған. Зардап шеккендер ауруханаға жатқызылған.
Сонымен қатар оқиға салдарынан пәтер аралық қабырға, пәтердің кіреберіс есігі және кіреберістің терезе блоктары бүлінген.
Осы орайда, Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарға 2 қабаттан жоғары көпқабатты үйлерде газ баллондарын пайдалануға тыйым салынатынын еске салды. Мамандар ақаусыз газ жабдығын пайдалану қажет екенін айтады.
"Газ жабдығы дұрыс жұмыс істемеген жағдайда мамандарға хабарласу қажет. Жөндеу жұмыстарын өз бетіңізше жүргізу қауіпті. Газ баллондары мен газ жабдықтарын тек осы өнімдерді сатуға арналған сертификаттары бар мамандандырылған ұйымдардан сатып алу керек. Газ баллондарын ауыстыру кезінде отты, электр құрылғыларын пайдалануға қатаң тыйым салынатынын әрқашан есте сақтау қажет", – дейді ТДЖ өкілдері.
Сондай-ақ мамандар газ баллонын:
- газ плитасынан жарты метр;
- кез келген жылыту құрылғысынан 1 метр алшақ орнатуды ұсынады.
- егер жылыту құрылғысы ашық күйде болса, онда баллонмен арадағы қашықтық 2 метр болу керек.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2012712-temirtauda-paterde-zarylys-bolyp-7-adam-auruxanaga-tusti-foto/