Шығыс Қазақстанда өртенген үйден үш адамның денесі табылды
Жарияланған күні:
Шығыс Қазақстан облысы Алтай ауданында өртенген үйден үш адамның денесі табылды, деп хабарлайды облыстық Төтенше жағдайлар департаменті ресми Instagram парақшасында.
Төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, оқиға 15 наурыз күні болған. Октябрь кентінің өрт сөндірушілеріне куәгерлерден Жаңа Бұқтырма кентінде орналасқан бес қабатты үйдің 4-қабатындағы пәтерден қатты түтін шығып жатқандығы туралы қоңырау келіп түскен.
Өрт сөндіру бөлімшелері үйге кірген кезде зал бөлмесінде диван, кілем және ағаш еден жанып жатқан.
"Газ-түтіннен қорғау қызметінің мамандары өртті барлау және сөндіру барысында жатын бөлмеде қайтыс болған 1973 және 1975 жылы туған ер адамдар және 1977 жылғы әйелді тапты", – делінген хабарламада.
Азаматтардың қайтыс болу себебі анықталуда. Сот-медициналық сараптама тағайындалды.
"Алдын ала болжам бойынша отты абайсыз пайдалану өрттің шығуына себеп болған. Тілсіз жауды ауыздықтауға жеке құрамның 4 адамы және 2 техника жұмылдырылды", – дейді ТЖД өкілдері.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2013259-sygys-qazaqstanda-ortengen-uiden-us-adamnyn-denesi-tabyldy/