Атырауда жаңадан салынған тұрғын үй кешені өртенді (видео)
Жарияланған күні:
Атырауда жаңадан салынған тұрғын үй кешені өртенді. Тәртіп сақшылары қызыл жалынға оранған ғимараттан адамдарды эвакуациялаған. Бұл туралы Polisia.kz Telegram арнасында хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, 5 мамырда сағат 19:32 шамасында Атырау полициясына көпқабатты пәтерлердің жоғарғы шатыры өртеніп жатқаны жөнінде хабарлама келіп түскен.
Осыдан кейін полиция қызметкерлері оқиға орнына 4 минутта жеткен.
Кейін тәртіп сақшылары 9-қабатқа пәтер иесімен бірге жедел түрде көтеріліп, тұрғындарды эвакуациялауға кедергі келтірген қалың қара түтін будақтап жатқан өртті өшіруге кіріскен.
Полицияның мәліметінше, шатырдан шыққан өрт жоғары қабаттағы пәтерлердің балконына өтіп, пәтерлер өртене бастаған.
Екі полиция қызметкері өртті ауыздықтап, 25 тұрғынды эвакуациялап, қауіпсіз жерге шығарды.
Көп қабатты үйдің шатырындағы тілсіз жауды өрт сөндірушілер 1 сағат ішінде толық сөндірген. Зардап шеккендер жоқ.
Атырау облысы ТЖД Instagram парақшасындағы ақпаратынша, өрт Өтемісов көшесіндегі тұрғын үй кешенінің 10-қабатынан шықққан.
Қызметкерлер оқиға орнына жедел барып, өртті сөндірген. Қазіргі уақытта тілсіз жаудың шығу себебі анықталуда.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2019655-atyrauda-zanadan-salyngan-turgyn-ui-keseni-ortendi-video/