"Төрт баласы мен ата-анасы": Атырау облысында ірі жол апатынан бір отбасы қаза тапты
Жарияланған күні:
Атырау облысындағы Атырау-Ақтөбе тас жолында болған жантүршігерлік жол апатынан төрт бала мен олардың ата-анасы қаза тапты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Атырау облыстық полиция департаментінің Instagram-дағы парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, оқиға кеше, сағат 9:10 шамасында болған. Атырау-Ақтөбе тас жолында Lada Priora көлігі мен Yutong автобусы соқтығысқан.
"Салдарынан 1985 жылы туған, 2013 жылы туған, 2016 жылы туған, 2019 жылы туған, 2021 жылы туған жолаушылар оқиға орнында көз жұмды. Lada Priora автокөлігінің 1982 жылы туған жүргізушісі облыстық ауруханада алған дене жарақаттарынан қаза тапты", - деп хабарлады полиция өкілдері.
Полиция департаменті қаза тапқандар төрт баласы бар ерлі-зайыптылар, яғни бір отбасы екенін анықтады.
Аталған факті бойынша қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2025330-tort-balasy-men-ata-anasy-atyrau-oblysynda-iri-zol-apatynan-bir-otbasy-qaza-tapty/