Алматыдағы алты жасар баланың өлімінен соң жеке меншік орталықтарға талап күшейеді
Жарияланған күні:
Еліміздегі жеке меншік оқыту орталықтарының жұмысына рұқсат қағаз алу үшін енді талаптар күшейтіледі. Бұл туралы балалар құқықтарын қорғау комитетінің мамандары айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Мұндай шешім Алматыда болған қайғылы жағдайдан кейін қабылданып отыр. Еске салайық, қаладағы балаларды дамыту орталықтарының бірінде 6 жастағы бала жазатайым жағдайда көз жұмған еді. Куәгерлердің айтуынша, сабақ арасындағы үзіліс кезінде ойнап жүрген оның үстіне шкаф құлап, бала сол жерде тіл тартпай кеткен.
Оқиға 16 маусым күндіз болған. Оқу орталығы қаладағы тұрғын үй кешендерінің бірінде төменгі қабатта орналасқан. Тұрғындар сол күні мұнда полиция мен жедел-жәрдем көлігі келіп қарбалас болғаннан басқа ештеңе көрмедік деп отыр.
Орталық балаларды мектепке дейінгі дайындық жұмысымен, сонымен қатар жапондық әдіс бойынша оқытатын көрінеді. Ата-аналар мұндағы білім беру сапасы да көңіл көншітпейді деп отыр.
"Көпшілік мұнда ыңғайлы жерде орналасқаны үшін ғана оқытады. Ата-аналардың баласын қаланың әр бұрышына апаратын уақыты жоқ. Ал бұл үйдің төменгі қабатында тұр. Оқуға беретіндердің көпшілігі осы тұрғын үй кешенінде тұратындар", – дейді қала тұрғыны Ольга Калганова.
Бұл жағдай қоғам белсенділерінің де назарына іліккен. Олар оқыту орталықтары мен балабақшаларға бақылауды күшейту керектігін айтады.
"Қазір кез келген адам өз алдына жеке кәсіпкер. Салық басқармасына тіркеледі де орталық аша салады. Көпшілігінің балаларды оқытуға да рұқсат қағаздары жоқ. Мұндай жерлерге тексеру де аз. Себебі қазір шағын және орта кәсіп иелеріне мораторий қойылғаны белгілі. Ашығын айтсақ, қазір еліміздегі жеке білім беру орталықтары білгендерін істеп отыр. Білім жүйесін де қадағалап жатқан ешкім жоқ", – деді Қалалық қоғамдық кеңес мүшесі Рафаэль Гасанов.
Оқиғаға қатысты қазір қылмыстық іс қозғалған
"Аталмыш дерек бойынша қазіргі таңда Бостандық аудандық полиция басқармасында Қылмыстық кодекстің 141-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, тиісті сараптамалық зерттеулер тағайындалды", – деді Алматы қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2025494-ustine-skaf-qulagan-almatyda-koz-zumgan-6-zasar-balanyn-olimine-qatysty-derek-syqty/