Египеттік ұшақ бортта өрт қаупі бар деген күдікпен шұғыл Ақтөбе әуежайына қонды
Жарияланған күні:
Бүгін таңертең сағат 4:32-де Египеттің Red Sea әуекомпаниясына тиесілі Boeing 737 жолаушылар ұшағы Ақтөбеге қонуға мәжбүр болды. Бұл туралы Азаматтық авиация комитеті мәлімдеді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Ведомство таратқан мәліметке сай, Шарм-Эль-Шейх - Астана бағыныдағы ұшақ Ақтөбе әуежайына шұғыл түрде қонған.
"Экипаж әуе кемесінің бортында өрт қаупі бар деген күдікпен Ақтөбе әуежайына қону туралы шешім қабылдады. 184 жолаушы мен 10 экипаж мүшесі бар бортты Ақтөбедегі апаттық құтқару командасы мен медқызметкерлер күтіп алған. Экипаж ақпаратынша, өрт қаупі жоқ болып шықты. Әзірге жолаушылардан денсаулық жағдайына байланысты шағым түскен жоқ", - деп хабарлады комитет.
Red Sea Airlines компаниясы 2021 жылы Египетте құрылған. Экипаж тұрақты және чартерлік рейстерді орындайды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2027786-egipettik-usaq-bortta-ort-qaupi-bar-degen-kudikpen-sugyl-aqtobe-auezaiyna-qondy/