Алматы облысында су арнасынан ер адамның денесі табылды
Жарияланған күні:
Алматы облысындағы су арнасынан Өзбекстан азаматының денесі табылды. Бұл туралы Polisia.kz ақпараттық медиа-порталында хабарлады.
Ақпараттық медиа-порталдың жазуынша, 14 тамызда Еңбекшіқазақ ауданының полиция басқармасына Қайназар ауылдық округінің аумағындағы ҮАК су арнасынан ер адамның денесі табылғаны туралы хабарлама келіп түскен.
"Аталған дерек Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлігі (Кісі өлтіру) бойынша полицияда тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Тергеу іс-шарасы кезінде қаза тапқан адамның жеке басы анықталды, ол Өзбекстан Республикасының 26 жастағы тумасы болып шықты.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері 1984 жылғы күдіктіні анықтап, ұстады. Ол жауап алу кезінде өз кінәсін толық мойындады", – дейді Алматы облысы ПД бастығы Бауыржан Әленов.
Полиция мәліметінше, қазіргі уақытта сот-медициналық сараптама тағайындалып, барлық қажетті тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Ұсталған адам заңнамада белгіленген тәртіппен қамауға алынған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2032911-almaty-oblysynda-su-arnasynan-er-adamnyn-denesi-tabyldy/