Семейде перзентханада маңында қолына пышақ ұстаған әйел полицияға жеткізілді
Жарияланған күні:
Семейде перинаталдық орталықтың маңында қолына пышақ ұстаған әйел ұсталды. Бұл туралы Абай облысының полиция департаменті Isntagram-дағы ресми парақшасында хабарлады.
Ведомство мәліметінше, "Құқықтық тәртіп" жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізу барысында екі полицей әкімшілік учаскені аралау кезінде Перинаталдық орталық ғимаратының жанында қолына пышақ ұстаған әйелді байқаған.
"Азаматтардың тыныштығын және қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында полицейлер 34 жастағы әйелді ұстап, оны полиция бөліміне жеткізді", - делінген хабарламада.
Облыстық ПД ақпаратынша, сарапшының қорытындысына сәйкес, әйелден тәркіленген зат суық қару болып шыққан.
Сондай-ақ полиция қазіргі таңда аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 287-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталғанын, бұл жайттың мән-жайы анықталып жатқанын атап өтті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2036622-semeide-perzentxanada-manynda-qolyna-pysaq-ustagan-aiel-policiyaga-zetkizildi/