Алматы облысындағы балабақшада септикке құлап кеткен үш жасар баланың денесі жер қойнына тапсырылды
Жарияланған күні:
13 қыркүйекте Алматы облысындағы Қырбалтабай ауылында үш жасар бала септикке құлап көз жұмды. Бүгін балақайдың денесі жер қойнына тапсырылды, деп хабарлайды "Алматы" арнасы.
"Кейде өзімді ұстай алмай қалам. Не сұмдық? Адамгершілік қайда? Сонша баланы алған соң, қарау керек қой. Қараусыз қалған соң, бала қызық көрді ме? Білмеймін", - деді марқұм балақайдың атасы.
Ал анасы қайғылы оқиға кезінде кәріз құдығының жабық тұрғанына сенбейтінін айтты.
"Ол қалай болды? Балапаным құдықтың ішіне түсіп кеткен. Олардың айтуынша, кәріз құдығы жабық болған. Бірақ мен сенбеймін. Ашық тұрған. Біз барғанда дәнекерлеп қойған. Дым болмаған сияқты. Баламды қайтара алмаймын, бірақ жұмысына салғырт қарамаса деймін", – деді анасы Ақбота Сатқынбаева.
Ал Еңбекшіқазақ ауданы білім бөлімінің бас маманы Зарина Бөлекбаева қайғылы оқиғадан кейін балабақшаның меңгерушісін, оқиғаға тікелей қатысы бар тәрбиеші мен кіші қызметкерді жұмыстан босатқанын айтты.
"Балалар тәрбиешілер мен кіші қызметкерлердің назарынан тыс қалған. Балабақшаның меңгерушісін, қайғылы оқиғаға тікелей қатысы бар тәрбиеші мен кіші қызметкерді жұмыстан босаттық", – деді Еңбекшіқазақ ауданы Білім бөлімінің бас маманы Зарина Бөлекбаева.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2036667-almaty-oblysyndagy-balabaqsada-septikke-qulap-ketken-us-zasar-bala-zer-qoinyna-tapsyryldy/