Қарағанды облысында саңырауқұлақ теруге кеткен егде жастағы әйелдің денесі табылды
Жарияланған күні:
ТЖМ мәліметінше, 20 қыркүйектен бері Қарағанды облысы Қарқаралы ауданында "Берлога" демалыс аймағы маңында саңырауқұлақтарды жинауға кетіп жоғалып кеткен 1951 жылғы әйелдің денесі табылды, деп хабарлайды Төтенше жағдайлар министрлігі ресми сайтында.
Министрлік мәліметінше, күз мезгілінде жоғалған адамдар туралы хабарламалар саны күрт артады. Көбіне саңырауқұлақтар мен жидектерді жинау үшін табиғатқа шыққан адамдар жоғалады.
Құтқарушылардың сөзінше, табиғи ортадағы ауқымды іздеу жұмыстары көп уақытты қажет етеді.
ТЖМ хабарлауынша, 20 қыркүйектен бастап Қарқаралы ауданында "Берлога" демалыс аймағы маңында саңырауқұлақтарды жинау кезінде жоғалып кеткен 1951 жылы туған әйелді іздеу жұмыстары жүргізілген болатын. Жоғалған әйелді іздестіруге ТЖД, ТЖМ әскери бөлімінің, полиция департаментінің күштері мен өз еркімен іздеуге ат салысқан тұрғындар жұмылдырылды.
Іздеуге таулы аймақ кедергі болған, оған қоса жоғалған әйелдің жүрген бағыты анық болмағандықтан, іздеу жұмыстары қиындай түскен.
"24 қыркүйекте іздеу жұмыстарын жүргізу барысында тартылған ресурстарды – адамдар мен техниканы дұрыс ұйымдастырудың және тиімді пайдаланудың арқасында ТЖМ 52859 әскери бөлімінің 1 құтқару батальоны командирінің орынбасары майор Айдос Тулеков бастаған іздеу тобы жоғалған азаматтың денесін тапты. Болжам бойынша марқұм еңістен құлап, (өлімге әкеліп соққан – ред.) жарақат алған", – делінген хабарламада.
Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департаментінде табиғатқа шығар алдын ауа райы болжамын нақтылауды, ұялы телефонның толық қуат алуын қадағалауды, туыстарыңызға қашан және қайда баратыныңызды хабарлауды, олармен байланыста болу керектігін еске салады.
Сондай-ақ құтқарушылар қауіпсіздік үшін өзіңізбен бірге тамақ, су және дәрі-дәрмек алуға, табиғатқа жалғыз шықпауға кеңес берді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2038073-qaragandy-oblysynda-sanyrauqulaq-teruge-ketken-egde-zastagy-aieldin-denesi-tabyldy/